Сот орындаушылары былтыр Астана қаласы бойынша мемлекет кірісіне тек 4,9 пайыз берешекті өндірді
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша 2011 жылы сот орындаушылары тек берешектің 4,9 пайызын ғана мемлекет кірісіне өндірді.
Бұл туралы бүгін Астана прокуратурасында өткен брифингте соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету жөніндегі басқарма басшысы Бақытжан Алашов мәлім етті.
«Тексеріс барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Біздің ерекше назарымызды аударған мәселе, мемлекет кірісіне өтелетін сома төңірегінде болды. Бұл ретте 2011 жылы атқарылуға тиісті 69 құжат болса, оның тек 21 мыңы ғана орындалған. Бұл 4,9 пайызды ғана құрайды, яғни 225 млрд. теңгенің тек 11 млрд. теңгесі ғана орындалған», - деді Б.Алашов.
Оның айтуныша, 2012 жылдың бірінші тоқсанында Астана қалалық сот актілерін орындау жөніндегі департаментте 178 млрд. теңге сомасындағы құжаттар болған. Олардың тек 1,5 млрд. теңгесі ғана орындалды.
Бұдан бөлек, Б.Алашовтың сөзіне қарағанда, тәркіленген мүлікті есепке алу, сақтау және бағалауға қатысты заң бұзушылықтар да анықталған.