Сот отырыстарын өткізбестен шешім шығарып келген судья бостандығынан айрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында судья 12 азаматтық іс бойынша отырыстарды өткізбей, шешім шығарған. Істер баспана және жерді сату-сатып алуға қатысты болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Сот отырыстарын өткізбестен шешім шығарып келген судья бостандығынан айрылды

«Биылғы 10 желтоқсанда Шиелі аудандық сотының судьясы Құрманбай мен оның хатшысы Қыдырәлиеваға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға тиісінше 2 жыл 6 айға және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (Қыдырәлиеваның кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы, оның ішінде 1 емізулі баласы болғандықтан, жазасы кейінге қалдырылды).

Құрманбай жалған әділетсіз сот актілерін шығарғаны (ҚК 369-бабы 3-бөлігі) және қызметтік жалғандық жасағаны үшін (ҚК 418-бабы 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Қыдырәлиева сыбайластығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Құрманбай сот отырыстарын нақты өткізбестен, сондай-ақ жалған мәліметтер енгізу арқылы 12 азаматтық іс бойынша шешім шығарған. Істер тұрғын үйлер мен жер телімдерін сату- сатып алу мәмілелерін жарамды деп тануға қатысты.

«Сотталушылардың жас балалары болғандықтан, сот Құрманбайдың жазасын 5-тен 2,6 жылға дейін, Қыдырәлиеваның жазасын 4-тен 2 жылға дейін жеңілдететін жағдай деп таныды.

Сондай-ақ, олар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

Құрманбай сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді агенттіктен.