Сот отырысында Бақытгүл Хаменова жіберген қателігін айтты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін сот отырысында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға сөз берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудағы №2 қалалық сотта облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот өтіп жатыр.

«Рысқалиев мені бұл іске тек жауапкершіліктен жалтару немесе өз ісіне жазаны жеңілдету үшін тартып отыр. Мен әрқашан сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне қарсы болдым. Рысқалиев қағазға 4 500 000 теңге деп жазып бергенде, мен мұны түсінген жоқпын. «Мен түсінбедім» деп жауап жаздым. Ол: «Алтын Орданың» ақшасы» деп жауап берді. Мен оны демеушіліктің ақшасы болар деп түсіндім. Егер ол заңсыз сыйақы немесе Адамовтың ақшасы деп айтқанда, бұл заңсыз әрекетті жасауға жол бермейтін едім. Мұны демеушілік ақша деп ойлап, Жәнібек Аманиязовқа 2 500 000 теңге беруді өтіндім. Оны «Алтын Орда» іс-шарасын ұйымдастырғаны үшін Сарайшық ауылының әкіміне тапсыруы тиіс еді. Ал қалған 2 000 000 теңгені Рысқалиевке өзіңе қалдыр дедім. Бұл ақшаны іс-шараны өткізу кезінде біз қарыз болған «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігіне беру керектігін ашып айтпадым. Жіберген қателігім осы еді», - деді Бақытгүл Хаменова.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелді. Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен тергеуге алынған.

Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот қайта жалғасқанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар