Сот процесі басталды: Р.Diddy-дің ісі бойынша қазылар іріктеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Рэпер Шон Комбсқа (лақап аты P. Diddy) қатысты сот процесі дүйсенбі, 5 мамыр күні Нью-Йоркте қазылар алқасын іріктеуден басталды, деп хабарлайды BBC.

Оған рэкет, жыныстық сауда және жезөкшелікке тарту мақсатында адамдарды тасымалдау айыптары тағылып отыр. Егер сот оны кінәлі деп тапса, рэпер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
P. Diddy-ге сондай-ақ ондаған азаматтық талап арыз да жолданған. Талапкерлер оның беделін пайдаланып, адамдарға есірткі беріп, ұрып-соғып, зорлап, қорқытып, үнсіз қалуға мәжбүрлегенін айтады.
Комбс қылмыстық айыптар бойынша өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол азаматтық істерді «жылдам ақша табудың амалы» деп атады.
Сот процесі дүйсенбіде басталды. Алғашқы күндер қазылар алқасын іріктеуге арналады. Негізгі іс 12 негізгі және 6 қосалқы қазы іріктелгеннен кейін басталады.
Рэперге қатысты мәселелер 2023 жылдың соңында бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентура оған зорлық көрсетті деп сотқа шағымданғаннан кейін басталған.
Айта кетейік, бұған дейін P.Diddy-ді сотқа бергендердің саны көбейгенін жаздық.