Сот сараптама саласындағы сарапшы мен маманның мәртебесі айқындалмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның сот сараптама саласындағы сарапшы мен маманның мәртебесін айқындау жоспары алға қойылып отыр. Бұл туралы толығырақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот сараптама қызметі мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған дөңгеле үстелде М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU провосты Сергей Пен айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сергей Пен Дүниежүзілік банктің осы жылы аяқталған «Қазақстан Республикасындағы сот сараптамасын нығайту» жобасының үйлестірушісі. Жоба нәтижесі бойынша депутаттық бастама тәртібінде Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына ұсынылатын заң жобасы әзірленген. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша жұмыс алдағы сайлаудан кейін басталады.
«Бұл заң жобасында уәкілетті органның ғана емес, сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің, сонымен қатар депутаттардың кейбір ұсыныстары енгізілген. Бүгін біз сіздерге осы заң жобасында жүзеге асырылып жатқан жалпы идеяларды таныстырғымыз келеді. Мен атап өткім келетін ең маңызды мәселе - бұл соңғы нұсқа емес, өйткені құжат бойынша жұмыс енді басталып жатыр», - деді Сергей Пен.
Оның айтуынша, заң жобасының негізгі идеялары: сарапшы мен маман мәртебесін делимитациялау, сот сараптамасының жаңа субъектісі - сот сараптамасымен айналысатын заңды тұлғаны енгізу, азаматтық істер бойынша сарапшылардың жұмысына тікелей ақы төлеу, сот қызметін кәсіпкерлік санаттан алып тастау, сот сарапшыларын сертификаттау институтын енгізу, қайта сараптамаларды ұйымдастыруға сот сараптамасы органдарының айрықша құзыретін шоғырландыру, сот сараптамасы әдістерінің қол жетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.
Сарапшы мен маман мәртебесін айқындау мәселесі бойынша Сергей Пен шетелдік тәжірибені ескере отырып, осы мәртебелердің жеке айқындалмауы арнайы ғылыми білім институтының дамуына қауіп төндіретінін, сот сараптамасына деген сұранысты төмендетіп, оларды маманның қорытындысымен алмастыруы мүмкін екенін атап өтті. Сайып келгенде, полицейлер мен бүкіл құқық қорғау органдары нағыз мамандардың арнайы ғылыми білімдерінен бас тарту қаупі туындайды.