Сот-сараптамалық орталығы 385 діни мазмұндағы материалға сараптама жүргізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот-сараптамалық орталығы 2014 жылы және 2015 жылдың І тоқсанында 385 діни мазмұндағы материалға сараптама жүргізді. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігіне қарасты аталған орталықтың директоры Исидор Борчашвили мәлім етті.

Сот-сараптамалық орталығы 385 діни мазмұндағы материалға сараптама жүргізді

«Соңғы жылдары біз жүргізген сараптамалар экстремизммен, діни лаңкестікпен байланысты қылмыстық заң бұзушылықтардың артып келе жатқанын көрсетті. Мәселен, 2014 жылы және 2015 жылдың І тоқсанында Әділет министрлігінің Сот сараптамалық орталығы 385 діни мазмұндағы материалдарға сараптама жүргізді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, республика бойынша діни мазмұндағы сот сараптамасы тек 5 облыста ғана жүргізіледі. Бірақ, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысындағы сарапшы өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Сондықтан да бұл өңірде сот-дінтанушылық сараптама жүргізу тоқтап тұр.

«Жоғарыда аталған мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысында - 133, Астана қаласында - 115, Алматыда - 82, шығыс Қазақстан облысында - 29 және Батыс Қазақстан облысында - 26 діни мазмұндағы материалға сараптама жүргізілді», - деді И.Борчашвили.