Сот сараптамасы жүйесінде енді компьютерлік томография қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сот сараптамасына арналған арнайы үй-жайлар мен сараптамаларды жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Магниттік резонансты бейнелеу
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Құжатқа сәйкес, сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамалар жүргізілетін арнайы жабдықталған үй-жайлар бойынша есептік нормативтер толықтырылады.

Атап айтқанда, 2-қосымшадағы құрал-жабдықтарды орналастыруға арналған алаңдар тізіміне компьютерлік томография жүргізуге арналған үй-жай енгізіледі. Оның есептік ауданы 73 шаршы метр болып белгіленеді.

Сонымен қатар 5-қосымшада Филиалдың мәйіт сараптамасы бөлімшесін медициналық техникамен жарақтандырудың ең аз нормативіне компьютерлік томограф енгізіліп, бір бөлімше үшін біреуі белгіленеді.

Бұдан бөлек сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына да өзгерістер енгізіледі.

- Мәйітке сараптама жүргізіп өлімнің себебін анықтау және қаулыда көрсетілген өзге де мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Сараптама мәйітті ашу арқылы жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда мәйітті зерттеу барысында компьютерлік томографияны (тиісті жабдық болған жағдайда) пайдаланады, – делінген құжатта.

Сондай-ақ сараптама ерте мәйіттік өзгерістер байқалғаннан кейін де басталуы мүмкін екені нақтыланды. Ал бұл өзгерістер пайда болғанға дейін мәйітті зерттеу тек өлім фактісі анықталып, өлім туралы акт рәсімделгеннен кейін ғана жүргізіледі.

Аталған бұйрық 15 наурыздан бастап күшіне енеді. 

Бұған дейін Қазақстанда Үндістанның сот сараптамасы және IT-криминалистика университетінің филиалы ашылатынын жазғанбыз.

2024 жылы сот сараптамалары қызметтерінің тізбесін кеңейту мақсатында елімізде сот сараптамасының жаңа түрі зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жүргізу қызметі іске қосылған еді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум