Сот Сейітқазы Матаевты кепілге жіберуге келіспеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті. Сотқа төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев сотталушыларды кепілге жіберуге келіспеді және осы қылмыстық іс бойынша негізгі сот отырысын ағымдағы жылдың 23-інші тамызына белгіледі.

Сот Сейітқазы Матаевты кепілге жіберуге келіспеді

Сот тыңдауынан кейін Матаевтардың қорғаушылары - Мәдина Бакиева, Андрей Петров және Серікқали Мусиндер жеті өтініш білдірді. Олар сот залына компьютер әкелуді, кардиолог-дәрігердің отырысқа қатысуын, әкелі-балалы Матаевтарды үйқамақтан кепілге босатуды, қылмыстық іс материалдары бойынша экономикалық сараптама жүргізуді, өздері қорғайтын адамдарды қолайлы пәтерге ауыстыруды, соттың қылмыстық істі қарау мерзімін ұзартуды және басты сот отырыстарын Алматы қаласында өткізуді өтінді. Бір сағат уақытқа кеңесу бөлмесіне кеткен судья Ақболат Құрмантаев жоғарыдағы өтініштердің тек үшеуін ғана қанағаттандырды.

Сайып келгенде, судья жоғарыдағы өтініштердің үшеуін ғана қанағаттандырды. Ол сотқа кардиолог-дәрігердің қатысуына рұқсат етті. Себебі соттағы тыңдауда қорғаушылар Сейітқазы Матаевтың денсаулығының мәз емес екенін айтып, шағымданған болатын. Сонымен қатар, сот шешімімен қорғаушылар сот залына компьютерлерін әкелуге мүмкіндік алды. Үшіншіден, төрағалық етуші судья қылмыстық іс бойынша материалдарды қарау мерзімін ұзартты. Себебі қорғаушылар материалдармен толық танысу үшін істі қарау мерзімін ұзартуды сұраған болатын. Ақболат Құрмантаев аталған қылмыстық іс бойынша ең басты сот отырысын ағымдағы жылдың 23-інші тамызына белгіледі.

Жеті өтініштің төртеуі қанағаттандырылмады. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев Сейітқазы және Әсет Матаевтарды кепілге босату туралы өтінішті қанағаттандыруға ешқандай негіз жоқтығын мәлімдеген. «Қазіргі кезге дейін С. Матаев келтірілген шығынды өтеген жоқ, тергеуге көмек көрсеткен жоқ. Сол себепті дәл қазір Сейітқазы және Әсет Матаевтарды үйқамақтан кепілге босатуға ешқандай негіз жоқ»,- деді Е. Құрақбаев. Сонымен қатар, процессуалды прокурор қылмыстық істің қылмыстық заң бұзушылықтар орын алған жерде қаралуы тиістігін түсіндірді. «Сотқа дейінгі тергеуден анықталғанындай, бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару оқиғалары Астананың Есіл ауданының аумағында болған. Осыған орай, қылмыстық істің №2 Есіл аудандық сотында қаралуы орынды» деп сөзін түйіндеді прокурор.

«Басты сот отырысы 2016 жылдың 23-інші тамызына сағат 10-ға белгіленеді. Ол Астана қаласының №2 Есіл аудандық сотының 214-інші сот залында ашық жағдайда өткізіледі. Сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын бұрынғыша - яғни үйқамақ болып қала береді»,- деп хабарлады судья. Айыпталушыларды кепілге босату туралы өтінішке судья А. Құрмантаев мынадай түсінік берді: «Айыпталушыларды үйқамақтан кепілге босатуды туралы өтінішті біз қанағаттандырған жоқпыз. Себебі кепілге босатылған жағдайда олардың тарапынан куәгерлерге қысым жасалуы мүмкін».

Айта кетелік, Қазақстан журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев пен «ҚазТАГ» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаев алаяқтық және салық төлеуден жалтару баптары бойынша айыпталуда.

 

Әмірлан Әлімжан