Сот шешімдерін орындау неге ұзаққа созылып кетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде сот орындаушыларының әрекетіне шағым түсіру тетігі бар. Соның салдарынан кейбір сот шешімдерін орындау жұмысы бірнеше жылға созылып жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Ернар Ибраевтың айтуынша, арыз берушінің шағымы бойынша соттың оң шешімі шықса да, кей кезде аталған үкім дер кезінде орындалмай жатады. Соның салдарынан xалықтың сот жүйесіне, жалпы мемлекетке деген сенімі төмендейді. Өйткені адамның сотқа жазған барлық мәселелері қағаз жүзінде ғана қалады.

«Бүгінде сот орындаушының әрекетіне шағым түсіру тетігі бар. Аталған шаралар сот арқылы жүргізіледі. Дәл осы мәселенің салдарынан көптеген сот шешімдерін орындау жұмысы ұзаққа созылып кетеді. Былайша айтқанда, жауапқа тартылып отырған адам осы тетікті пайдаланып, үкімді орындауды бір айға емес, бірнеше жылға ұзарта алады. Мәселен, Атырау облысында бір кісі заңсыз құрылысты бұзу туралы соттың оң шешімін алды. Алайда жауапқа тартылған адам сот орындаушысының әрекетіне 20 (!) рет шағым түсіріп, сот шешімін орындауды әдейі созып отырған. Сөйтіп, 2014 жылы шығарылған шешім 2018 жылдың жазында ғана орындалды. Сот шешімін орындау жұмысы төрт жылға созылды», - деді Е.Ибраев Астанада өткен «дөңгелек үстелде».

Оның сөзіне қарағанда, Азаматтық-процессуалды кодексе өзгеріс енгізіп, сот орындаушысының әрекетіне шағым түсірудің нақты себептерін көрсету керек. Сонда жауапқа тартылған адам сот үкімін орындауды жайдан-жай тежей алмайды.

Айта кетейік, бүгінгі жиынға ҚР Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова да қатысты. Ол жұмыс берушіден жалақы қарыздарын өндіру бойынша маңызды бір мәселеге тоқталды. Бүгінде тиісті құжаттарды жылдам алуға болады. Ол үшін сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Себебі аталған мәселе нотариустардың құзіретіне де берілген.

«Күні кеше Мемлекет басшысы еңбек қатынастары саласындағы дау-даймайларға баса назар аударып, жалақы бойынша қарыздарды өндіру мәселесін көтерді. Осы орайда айта кетер жәйт, бүгінде біз жалақы қарыздарын өндіру шараларын орындау жазбасына ауыстырдық. Оны нотариустар арқылы жасауға болады. Осының арқасында xалық жалақы қарыздары бойынша барлық мәселелерді жылдам шеше алады. Себебі бүгінде кез келген аулада нотариус бар. Ең бастысы, қажетті құжаттар болуы қажет. Жалақының жазылғанын, ол адамның нақты жұмыс істегенін және ақшаның берілмегенін дәлелдейтін құжаттар болса, нотариус орындау жазбасын рәсімдеп береді. Сосын нотариустар да осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс. Орындау жазбасына қажетті құжаттар жетпей жатса, адамды жай қайтара салмай, ақыл-кеңес беру керек, нақты қандай құжаттарды әкелу керектігін айтқан жөн», - деп атап көрсетті Ұ.Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар