Сот шешімімен БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры қызметіне қайта оралды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сот шешімімен Надия Ахметова БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры қызметіне қайта орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы №2 сотынан түскен мәліметке қарағанда, Н.Ахметованың БҚО денсаулық сақтау басқармасы мекемесіне биылғы 29 маусымдағы бұйрығын заңсыз деп тану және оның күшін жою, бұрынғы қызметін қайта қалпына келтіру туралы талап-арызы қанағаттандырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, Н.Ахметова қызметінен өз еркімен босату туралы 16 мамырда арыз берген. Алайда қызметінен босату туралы бұйрық шыққанға дейін арызын қайтып алған. Сөйтіп ол арызды қайтып алу жөніндегі өз құқығын пайдаланған. Сол себепті облыстық денсаулық сақтау басқармасында оны босатуға негіз болмаған.

Оған қоса «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 148-бабының талаптарына сәйкес облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында бақылаушы кеңес құрылған. Тиісті саланың өкілетті органы басшымен келісімшартты үзу туралы бақылаушы кеңеспен келісуі керек. Әйтсе де мұндай келісім болмаған.

Осыларды ескере келіп, сот талап-арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Надия Ахметова ҚазАқпарат тілшісіне қызметіне алдағы дүйсенбіден бастап кірісетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар