Сот шешімдерінің басым бөлігі азаматтардың мүддесіне сай шығарылды - Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Күмән тудыратын мәселелердің барлығы әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешіліп жатыр. Бұл туралы елордадағы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Тоқаев
Фото: Ақорда

- Еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталды. Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастағанын айтты.

- Бұл - мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, форум барысында Президент мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту алдыңғы қатарлы міндеттің бірі екенін атап өтті.