Сот Статистика агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Б.Меңдібаевтің сотталу мерзімін 1 жылға ұзартты - Қаржы полициясы
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сот Статистика агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Б.Меңдібаевтің сотталу мерзімін 1 жылға ұзартты.
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Бұған дейін Статистика агенттігі басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша Б.Меңдібаев ұлттық санақты жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлауға көмектескендігіне айыпты деп танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталған болатын.
Ресми өкілдің атап өтуінше, аталған қылмыстық істі тергеу барысында Статистика агенттігінде орын алған бюджет қаражатын ұрлаудың басқа да фактілері анықталған. Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Б.Меңдібаев пен оның курстасы және әйелінің туысы болып табылатын «TIS» ЖШС-нің директоры Сатаров 2007-2008 жылдары халық санағының Түркістан қаласындағы ілкі жобасына қажетті сөмкелер мен бланкілерді сатып алуға және ұлттық халық санағының санақшыларына сөмкелерді жасау бойынша қызметтерді сатып алуға бөлінген 123,5 млн. теңгенің 68 млн. теңгеден астам бөлігін жымқырған.
«Бірінші сатыдағы сот шешімімен Меңдібаев айыпты деп танылып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ал Сатаровқа мүлкін тәркілеп, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді», - деді ресми өкіл.