Сот тарихын әлі де ғылыми тұрғыда зерттеу қажет - Т.Бәрпібаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық сотында «Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы және билер сотының төрелігі» атты ғылыми тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев ашып, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандар мен атақты билердің өзге елдермен қарым-қатынас орнатудағы дипломатиялық қызметтері жайында тарихи мазмұндағы баяндама жасады.
Конференцияда Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы қазақ елінің құқығы, билер сотының төрелігі, дала заңдарының мемлекеттік билікті дамытудағы маңызы, мемлекет басқарудағы хандар мен сұлтандардың рөлі, билердің заң шығару құқығы, билердің сот төрелігін жүргізудегі әділдігі және тәуелсіздігі, Қазақ билер сотының бітімгерлік рөлі жайындағы ғылыми мақалалар талқыланды.
«Билер сотының әділдік принципі - тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің әлемдік стандартқа сай дамуына септігін тигізгені анық. Билер шығарған заң-ережелер мен үкім-шешімдердің қазіргі Конституциядан, қылмыстық, азаматтық кодекстерден, өзге де заңдардан көрініс табуы, қазақ билері жүргізген әділ сот тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі сот жүйесін жетілдірудің өзекті проблемаларының талқылануы әлі де дәстүрлі қазақ құқығын, билер институтын, сот тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеуді, зерделеуді талап етеді», - деді ол.
Жиын барысында сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған хронологиялық бейне сюжет көрсетілді. Бейне баянда Алаш жұртының азаттық жолындағы азап пен қайғыға толы зобалаң кезеңдері тарихи деректермен бейнеленіп, қазақ елінің азаттық жолындағы тағдыры суреттелген.