Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция қабылданды - Парламент

Аталған конвенция 1980 жылы Гаагада жасалған. Ал құжаттың мақсаты шетелдік және азаматтығы жоқ адамның сот төрелігіне қол жеткізуіне кепілдік беру болып табылады. «Елбасы Жолдауында шетелдегі азаматтарымыздың, олардың жеке басының, отбасының іскерлік мүддесіне құқықтық қорғауды қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Аталған міндетті орындау үшін осы конвенцияны қабылдау маңызды. Конвенцияға сәйкес, оны қабылдаған елдердің азаматтарына азаматтық және сауда істері бойынша құқықтық көмектер көрсетіледі, сот шығындары қамтамасыз етіліп, азаматтарды ұстау мен тиіспеушілік кепілдіктері қамтылады», - деді Әділет министрі Берік Имашев.
Оның сөзіне қарағанда, құқықтық көмек көрсету туралы сұрауды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіру мүмкіндігі жағдайында мемлекеттік көмек көрсетуден бас тартылу құқығы да қамтылатын болады.
Тоқтала кететін жайт, Конвенцияға қосылу оған қатысатын 31 мемлекетпен, оның ішінде Азаматтық іс-жүргізу туралы конвенцияға мүше болып табылатын 26 мемлекетпен ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік береді.