Сот Ұлдана Мырзуан ісі бойынша келесі отырыстың күнін белгіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты келесі сот отырысы 20 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен алғашқы отырыстың қорытындысында айтылды.
Бүгін судья Меруерт Абаева процеске қатысушылардың бірқатар өтінішхаттарын қарады. Оның ішінде жәбірленуші тараптың ашық сот отырысына БАҚ өкілдерін қатыстыру туралы өтініші де бар.
Одан кейін прокурор Саяжан Серікова айыптау актісін оқыды. Судья айыпталушының тағылған айыпқа қатысты ұстанымын анықтады.
Сондай-ақ, сот дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілеп, жәбірленушілерден жауап алуға кірісті. Кейінгі сот отырыстарында куәгерлер мен сотталушыдан жауап алу, қылмыстық іс материалдарын зерттеу және іске тіркелген бейнежазбаларды қарау жоспарланып отыр.
23 жас Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмды. 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Сот фельдшердің бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің жәбірленуші болудан бас тарту жайлы өтінішін қанағаттандырмады.