Сот «Валют-Транзит Банктің» сотталған бұрынғы басшысын шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа жіберу туралы өтінішті қарауы керек еді
ҚАРАҒАНДЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Абай аудандық сотына өткен аптаның аяғында «Валют-Транзит Банк» АҚ басқармасының сотталған бұрынғы төрағасы Айтбақы Біләловты (Андрей Беляев есімімен белгілі) шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа жіберу туралы өтініш келіп түсті,
деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.
«Жұма, 8 ақпан күні сотталған А.Біләловтың атынан шартты түрде мерзімінен ерте бостандыққа жіберу туралы өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта сотталғанның өліміне байланысты материалдарды ол жазасын өтеген абақтының басшылығы қайтарып алды», - деді Абай аудандық сотының баспасөз қызметінен.
Бұдан басқа, бүгін жойылған «Валют-Транзит Банкі» салымшыларының тарату комиссиясының басшылығымен кездесуі болып өтті.
«Валют-Транзит Банк» АҚ тарату комиссиясының төрағасы Жандос Аманбековтың хабарлауынша, тарату комиссиясы А.Біләловтың туыстарына талаптар ұсынды.
«Қазіргі уақытта Алматы қаласының Қарасай аудандық сотының қарауында Әлия Әлкееваға (А.Біләловтың зайыбы) қатысты «ВТ Ломбард» ЖШС-нің 1,7 млрд. теңгені құрайтын үлесі үшін талап арызы жатыр. Бұдан басқа, «ВТ Лаййф» ЖШС-нің 69,4 млн. теңгені құрайтын қарапайым бағалы қағаздары бойынша Нұрзия Біләловаға (А.Біләловтың қызы) талап арыз берілді.
Алматының Қарасай аудандық соты тарату комиссиясының талаптарын қанағаттандырудан бас тартты және қазіргі кезде апелляциялық шағым берілді», - деп атап өтті тарату комиссиясының төрағасы.
Бұдан басқа, тарату комиссиясы Нұрзияның атына ресімделген «ВТ Полис» ЖШС-нің 59 млн. теңге көлеміндегі таратылуға жататын бағалы қағазын алуға әрекеттенуде.
«Бастапқы талапты қайтару түріндегі қайталанған шағым арыз дайындалуда», - деді Ж.Аманбеков.
Тарату комиссиясының мәліметтерінше, 1 ақпандағы жағдай бойынша қорға 7 млрд. 155 млн. теңге бөлінді, бұл жалпы қарыздың жартысынан сәл көбірек сомасын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығының жансақтау бөлімінде «Валют-Транзит-Банк» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы, сотталушы А. Біләлов кенеттен көз жұмды.
10 ақпан күні кешқұрым Қарабас кентінде орналасқан жалпы режимдегі түзеу мекемесінен ол «Ишемиялық жүрек ауруы» диагнозымен жедел-жәрдем көлігімен Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жеткізілді.
Алдын ала жасалған болжам бойынша, ол «Миокард талмасынан» қайтыс болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылдың наурызында сот 1958 жылғы А. Біләловті 10 жылға соттаған еді.