Сот залына интернетке қосылатын сымсыз құралдарды алып кіруге рұқсат етілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты соттарға кіру жөнінде жаңа қағидалардың жобасы әзірлендігін хабарлады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті қазіргі уақытта ҚР Жоғарғы сотының, ҚР жергілікті соттарының, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағына және ғимараттарына келушілер үшін өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз ету жөнінде жаңа қағидалардың (бұдан әрі - Қағидалар) жобасын әзірлеу жұмысын жүргізуде.
Қағидалар жобасы Жоғарғы Сотқа келіп түскен адвокаттар қоғамдастығының және сот процесіне басқа да қатысушылардың көзқарастары ескеріле отырып жасалған.
Қағидалардың жаңа тармақтарының бірінде соттардың ғимараттарына келетін сот процестеріне қатысушыларға жазба құрылғыларды, есептеу техникасын, мобильді құрылғыларды (смартфондар, планшеттер және т.б.), ақпарат жеткізгіштерді (флеш-карталар, USB-дискілер және т.б.) және басқа да техникалық құралдарды, оның ішінде деректерді беру, сондай-ақ халықаралық жаһандық желіге және Интернет желісіне шығу мүмкіндіктері бар сымсыз құралдарды кіргізуге рұқсат беру ұсынылған.
Осы жаңашылдықтар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сонымен қатар соттардағы «электрондық сот төрелігі» сервистерін одан әрі дамыту мен жетілдіру шеңберінде жүзеге асырылуда.
Жаңа қағидалардың жобасымен мына жерде танысуға және оған өздеріңіздің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді қалдыруға болады.