Сот Ж. Досқалиевті қамауға алу туралы ұсынысты оның денсаулығына байланысты санкциялаудан бас тартты
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Сот Ж.Досқалиевке қатысты ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 142-ші бабының тәртібінде қамауға алу бұлтартпау шарасын таңдау туралы прокуратура органдарымен мақұлданған ұсынысты күдіктінің денсаулық жағдайына байланысты санкциялаудан бас тартты», деді ресми өкіл.
Оның айтуына қарағанда, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының қаулысымен жоғарыда аталған бап тәртібінде қамауға алу бұлтарпау шарасы күдіктінің денсаулық жағдайына әрі оны сот отырысына әкелу мүмкіндігінің қамтамасыз етілмеуіне байланысты санкцияланбаған. Бұл қаржы полициясы органдарының ұсынысын қанағаттандырудан бас тартудың жалғыз негізі болып отыр. Яғни қылмыстық істі қозғау және қамауға алудың негізділігіне қатысты күмәнмен байланысы жоқ.
«Тергеу барысын қадағалайтын прокуратура органдары Досқалиевті қамауға алу туралы ұсынысты толық қолдады. Қазіргі кезде оның медициналық мекемелерді салу кезіндегі және оларға медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алуға байланысты өзге де заңсыз әрекеттеріне құқықтық баға беретін басқа да фактілер анықталуда. Қылмыстық іс тергелуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», деп түйіндеді сөзін М.Жұманбай.