Сот жүйесі қызметкерлері мемлекеттік аттестациялауда жоғары нәтиже көрсетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов сот жүйесі қызметкерлерін аттестациялаудың нәтижесін баяндады.
Оның айтуынша, нәтижелер айтарлықтай жоғары болған.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестациядан өтті. Аттестация қорытындысы бойынша сот жүйесінің қызметкерлері айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Лауазымы мен біліктілігін көрсете алмаған тұлғалар да бар. Атап айтқанда, 3 маманды жұмыстан шығару ұсынылды, олар жалпы көлемнің 0,7%-ын құрайды», - деді ол.
Сондай-ақ, Шәріпов сот жүйесі қызметкерлерінің өзге де мемлекеттік қызметшілер секілді еңбекақы төлеудің жетілдірілген жүйесіне ауысатынын атап өтті.
«Алдағы уақытта тоқсан сайын әрбір мемлекеттік қызметші жұмысының нәтижелілігі тексеріледі. Бонустық механизм және ынталандыру жолымен белгілі бір еңбекақы төлеу жүйесіне ауысуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Одан бөлек, ҚР Жоғарғы Сотының өкілі инфрақұрылымдық жұмыстар жөнінде де айтып берді.
«Соттардың жаңа ғимаратын тұрғызу мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлудеміз. Биыл республикалық бюджет есебінен 4 өңірде жаңа типтік сот ғимараттарының құрылысы басталып кетті. Атап айтсақ, Қарағандыда облыстық соттың, Алматы, Ақмола және Жамбыл облыстарында аудандық соттардың ғимараттары салынады. Одан бөлек, жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, Қостанай, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы және Қызылорда облыстарындағы бірнеше сот мекемелеріне типтік ғимараттар тұрғызылады», - деді Шәріпов.
Сонымен бірге Шәріпов тағы 8 ғимараттың құрылысына жобалар әзірленіп жатқанын атап өтті.
«Келесі жылы Ақтөбе облысы мен Алматының ғимараттарын тұрғызуға күш саламыз», - деп сөзін түйіндеді Шәріпов.