14:15, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Сот жүйесінде оңтайлы үшбуынды жүйе құрылатын болады
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Қылмыстық,
Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы сот жүйесін оңтайлы үш буынды жүйе құру арқылы жаңғыртуға, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттардың соттауына жататын істерді айқындауға бағытталған. Бұл соттар енді бірінші сатыда, оның ішінде алқа билердің қатысуымен неғұрлым күрделі қылмыстық істерді қарайтын болады. Заң жобасы істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қарау ерекшеліктерін де регламенттеп, қылмыстық үдеріске қатысушылар құқықтарының қорғалуына қосымша кепілдік берілуін қамтамасыз етеді.
Заң жобасында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған, бірінші сатыдағы сот ретіндегі, ауданаралық соттар және гарнизондардың бірінші сатыдағы сот ретіндегі, мамандандырылған әскери соттары секілді жаңа мамандандырылған соттар енгізіледі. Олардың алғашқысының соттауына аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау жатқызылады.
Алқабилер қатысатын соттың соттауына жататын істерді қоспағанда, енді барлық істерді судья жеке-дара қарайтын болады. Сонымен бірге, жоба бойынша облыстық сот - апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде ғана, ал Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау сатысындағы сот ретінде ғана әрекет ететін болады.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылды.