Сот жүйесіндегі проблемалар әлі толығымен шешімін таппай отыр - Жоғарғы сот төрағасы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Сот жүйесіндегі проблемалар әлі толығымен шешімін таппай отыр. Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан судьяларының VI съезі барысында сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

Сот жүйесіндегі проблемалар әлі толығымен шешімін таппай отыр - Жоғарғы сот төрағасы

«Отандық сот төрелігінің жетістігі туралы айта отырып, біз барлық проблемалардың әлі өз шешімін таппай отырғанын мойындауымыз керек. Сот жүйесі қоғамдық сұраныстар мен мемлекеттік мүддеге сай ұдайы жетілдіру үдерісін басынан өткеріп келеді», - дей келе Жоғарғы соты төрағасы жүйедегі шешуді талап ететін бірқатар проблемаларға да тоқталып өтті.

«Бүгінгі күні судьялар қым-қуыт қарбалас пен интенсивті жоғары дене және психоэмоциялық ауыртпашылықтар форматында еңбек етіп жүр. Әлі күнге сот өндірісін оңайлату жұмыстары толық атқарылмай келеді. Тек бірқатар формальды нормаларды заңнамадан жоюмен ғана шектеліп отыр. Проблемалардың бұлайша шешілуі ауыртпашылыққа ешқандай да септігін тигізген емес. Соттардағы бюрократизм де жойылған емес. Қолданыстағы азаматтық іс жүргізу заңнамасы соттарға келіп түсетін өтініштердің барлығын жұмысқа алуды міндеттейді. Ал ондай өтініштердің кейбірі тиімділігі және шығындылығы жағынан негізсіз болып табылатынын да айта кеткен жөн», - дейді Қ. Мәми.

«Мәселен, Алматы қаласының Медеу аудандық салық басқармасы сотқа заңды тұлғалардың дербес шотындағы салыққа артығымен төленген 8-9 теңгені шығарып тастау туралы жүгінген. Бұл сотқа жасалған өтініш болғандықтан, ол іс те қаралып, шешім шықты. Жалпы, мұндай мөлшері мың теңгеден де аспайтын талап-арыздар үлесі барлық салық дау-дамайларының үштен бірін құрайды», - деді ол.