Сот жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобалары Парламентте қаралатын болды

ТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сот жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру, ел судьяларының тәуелсіздігін нығайту мәселелеріне арналған заң жобалары Үкімет тарапынан қолдау тапты.

Сот жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобалары Парламентте қаралатын болды

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған заң жобалары енді Парламенттің қарауына берілмек. «Айта кететін мәселе, бұл заң жобалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы өткен судьялардың 5-ші съезінде қойған талаптарды орындауға бағытталған. Заң жобаларының бір бөлігі Жоғарғы сот кеңесінің рөлін күшейтуді көздейді.

«Заң күшіне енетін болса, Жоғарғы сот кеңесі аудандық және облыстық сот судьяларының санын, жергілікті және өзге де сот судьяларының санын бекіту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар Жоғарғы сот кеңесі жергілікті және өзге де соттардың атауын өзгерту құқығына ие болып, соттағы кез-келген реформа Жоғарғы сот кеңесімен келісілген түрде жүзеге асатын болады», - деді ресми өкіл.