Сот жүйесінің жұмысын әлі де болса жетілдіре түсу қажет - Президент

sp;АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Әділ сотты қалыптастыру сапасы соңғы он жылда құрылған арнайы мамандандырылған экономикалық, әкімшілік және ювенальды соттардың негізінде біршама жақсара түсті.

Сот жүйесінің жұмысын әлі де болса жетілдіре түсу қажет -  Президент

Ал алқабилер сотының енгізілуімен азаматтық қоғам өкілдері қылмыстық сот өндірісіне белсенді араласуда», деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде.

Президенттің айтуынша, елімізде 2007 жылы жүзеге асырылған конституциялық реформалардың арқасында Қазақстанның әділ сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғау саласында жаңа, мықты тетіктерге ие болды. Оның ішінде, әсіресе, тұтқынға алу шараларының тек соттың шешімімен жүзеге асырылуы ерекше айтуға тұрарлық. «Осы жылы елімізде сот жүйесінің қызметін реттеуге бағытталған көптеген жаңа заңдар қабылданды. Жалпы сот жүйесінің жұмысы біртіндеп жетіліп келеді. 2002 жылы осы бағытқа 4,8 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 20,5 миллиард теңгеге жетті. Елімізде сот органдарына арнап бірқатар ғимараттар салынды. Оларда сот қызметіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Соңғы жылдары елімізде соттар мен судьялардың қатары артып келеді. 2002 жылы елімізде 185 жергілікті соттар, мен 1 мың 823 судьялар болса, қазіргі таңда жергілікті соттардың саны 340-ты, ал судьялар 2 мың 433-ті құрады», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде соттарға деген қажеттілік елдегі сұранысқа әлі де болса сай еместігін атап өтті. «Бұл салада Қазақстан әлі де болса дамыған мемлекеттердің қатарына ілесе алмауда. Сондықтан біз сот қызметінің жұмысы талапқа сай болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Одан кейінгі мәселелерді тағы қарастыра жатармыз», деді Президент.