Сотта Матаевтарға мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың заңсыз берілгені айтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейітқазы және Әсет Матаевтарға тиесілі «ҚазТАГ» ХАА мемлекеттік тапсырыс тендерлерін заңсыз ұтып алған. Бұл туралы Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мерзімді басылым БАҚ басқармасының бұрынғы жетекшісі Жанболат Байбосынов мәлімдеді.
Жанболат Байбосынов өзіне 2014 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу бойынша қызмет сатып алуларының конкурсына лоттарды дайындау міндеті жүктелгенін айтты. Мемлекеттік сатып алулар бойынша «ҚазТАГ ХАА» ЖШС келісімшарт бекітуді қамтамасыз ету үшін лоттардың бірін алдын ала дайындау қажет болды.
«Екінші лот «ҚазТАГ ХАА» ЖШС арналған еді. Себебі, арнайы жасалған техникалық ерекшелікке сәйкес, екінші лот талабы бойынша, материалдарды КирТАГ, УзТАГ, АфТАГ және ТаджикТАГ секілді Орталық Азия ақпараттық агенттіктеріне жариялау керек. Содан кейін конкурс жарияланды, алайда бір ғана жеткізуші - ҚазТАГ-тан өтінім түскендіктен, конкурс болған жоқ және сол жеткізуші арқылы сатып алуларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», - деді куәгер.
Өзге сөзбен айтқанда, ойнатылған лоттың техникалық ерекшелігі «ҚазТАГ ХАА» ЖШС үшін арнайы жасалған.
Жанболат Байбосынов «ҚазТАГ ХАА» ЖШС көрсеткен қызметтердің мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асырудың техникалық ерекшеліктеріне сай келмегенін атап өтті. Сонымен бірге, Байбосыновтың өзі Матаевтар тарапынан болған заң бұзушылықтарды басшылыққа бірнеше рет айтып, ескерткен. Алайда Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Талғат Қазанғап С.Матаевтың абырой-беделіне сенім артып, барлық есептемені тексермей, қол қойған.
«Актілер мен есептемелерге қол қойдым. Бірақ, С.Матаевтың абырой-беделіне сенім артып, атқарылған жұмыс көлемінің нақтылығы, есептердің дұрыстығы және техникалық ерекшелік пен келісімшарт талаптарына сәйкестігін тексермедім», - деген еді Т.Қазанғап.
Айта кетейік, жымқырылған ақшаның көлемі 169 миллион теңгені құраған.