Сотталған адам қайта қылмыс жасамаса екен - пробация қызметкері
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Еліміздің ер азаматтары күштік құрылымдардың түрлі салаларында тер төгіп жүр. Бірі шекара шебін күзетсе, енді бірі көшелердегі тыныштықты қамтамасыз етеді. Ал, өскемендік Сымбат Ботаев болса, тура жолдан тайып, қылмыс жасаған адамдарды бақылаумен, түзетумен айналысады. Жуырда қалалық пробация қызметі бастығының орынбасарымен сұхбат құрған едік.
- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...
- Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келдім. Мектептен түлеп ұшқаннан кейін Өскемендегі Заң колледжіне оқуға түстім. Одан кейін Қазақстан-Американдық еркін университетінде «заңгер» мамандығы бойынша диплом алдым. 2010 жылдан бері пробация саласында еңбек етіп келемін. Ал, қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалғаныма 9 жыл болды. Осы уақыт ішінде шамамен 6-7 мың сотталған адамды есептен өткіздік.

- Қылмыс жасаған адамдармен жұмыс істеген қиын шығар?
- Қандай да бір қылмыс жасап, сот үкімімен бас бостандығынан шектелгендер, белгілі бір лауазымдарда қызмет істеуге тыйым салынғандар, түрмеден жазасын өтеп шыққандар, қарамағында жас балаларының бар болуына байланысты жаза өтеу мерзімі кейінге шегерілгендер бізге есепке тұрғызылады. Сот тағайындаған мерзім аяқталғанға дейін бақылауымызда болады. Олардың қайта қылмыс жасамауын қадағалап, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеміз. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп, өмірлерінің әлі алда екенін айтып, бәрін қайта бастауға болатынын түсіндіреміз.
Осы жылдың мамыр айынан бастап кейбір міндеттеріміз жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Мәселен, есептегі азаматтарға кәсіптік білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету дегендей. Бұл өте маңызды. Себебі білімі, жұмысы бар адамның заңды қайта бұзуы сирек.
Жұмыс барысын түсіндіре кетейін. Сотталған адамның үкімін алғаннан кейін, оны шақырып есепке қоямыз. Бетпе-бет жолығып, жеке парақшасын ашамыз. Құжаттарын жинауға көмек көрсетіліп, тұратын жерлері жоқтар қала әкімдігінің оңалту орталығына орналастырылады.
- Көбіне қандай қылмыс жасағандар есепке алынады?
- Ұрлық, тонау жасағандар, адамды жарақаттағандар түсіп жатады. 12 жыл тәжірибемде қылмысын қайталап, бізде 3-4 рет есепке алынған адамдар да кездесті.
- Есепте тұрса да, қайта қылмыс жасайтындар көп пе?
- Осы жылдың 4 айында қайталама қылмыс жасаған 6 адам тіркелді. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2 адамға аз. Басты міндетіміз – сотталған адамды дұрыс жолға салу болғандықтан, осындай жағдайлардың азайғаны бізге қуаныш. Әр азаматты есепке қойғанда, ертең қоғамда өз орнын тауып, ел қатарлы адал еңбекпен нәпақасын тауып, заңды бұзбаса екен деген тілек, ниетіміз болады.
- Қазіргі уақытта Өскемендегі пробациялық есепте қанша адам тұр?
- Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық заңымен 50 адам жазасын өтеуден босатылып, 70 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Бұл көбінесе жеңіл қылмыс жасағандарға қатысты. Амнистияға дейін шаһар бойынша есепте 240-250 адам тұрды. Қазір 170 адам қалды. Алайда, бұл - уақытша құбылыс. Бірнеше айдан кейін түзету мекемелерінен босап шыққандар қосылып, есепте тұрғандар қайта көбейеді.
- Жақында ШҚО-да бірнеше азық-түлік дүкенін тонағаны үшін сотталған ер адам пробация қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған болатын. Жалпы, жұмыс барысында осындай оқиғалар қаншалықты жиі болып тұрады?
- Қызмет барысында әртүрлі жағдайлар болып жатады. Бірақ пробация қызметкерлеріне жиі шабуыл жасалады деуге келмес. Бүгінде қалалық пробация қызметінде штатта 15 адам жұмыс істейді. Олардың жартысына жуығы – қыздар. Шен таққан нәзік жандылар ерлермен теңдей қызмет атқарып жүр. Күн-түнге қарамай сотталғандарды үйлеріне барып тексеріп, притондарды аралайды.
Кейбір есепте тұрған азаматтар арасында үйлеріне келген қызметкерлерді телефонмен видеоға түсіріп, ерсі мінез көрсететіндер болады. Сондай жағдайда сабырлық танытып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
- Пробация қызметкерінің бойында тағы қандай қабілет болуы керек?
- Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Адам таңдаған мамандығын жақсы көруі тиіс. Ең бастысы, осы деп ойлаймын. Біздің салада істеу үшін ең қажеті сол - шыдамдылық, төзімділік. Керек кезде психолог болып, сотталғандардың тілін таба білу - шарт. Әр адаммен есепке қойылған күннен бастап дұрыс сөйлеспесең, одан кейін жолға салу қиынға соғады.
- Қиындыққа шыдамай, жұмыстан шығып кеткендер бола ма?
- Жастар арасында басқа салаға бет бұратындар болып жатады. Бұл негізінен жұмыстың қиындығынан емес, көбірек ақша тапсақ деген оймен болады. Сол үшін пробация қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілсе деген тілегіміз бар. Одан кейін бізде күштік құрылымдардың басқа салаларындағы секілді пәтерақы қарастырылмаған. Ал, қатарымыздағы пәтер жалдап жүрген жастардың көбісі айлығының жартысын соған кетіреді. Сөйтіп, бала-шағасын асырауға жалақысын жеткізе алмай, күнкөрістің қамымен кәсіпкерлікке бет бұруға мәжбүр болады.
- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
- Жұбайым Динара екеуіміз 2005 жылы шаңырақ көтердік. 3 баламыз бар. Үлкеніміз колледжде студент, кішіміз балабақшаға барады. Әйелімнің мамандығы – педагог. Қазір балабақшада логопед болып жұмыс істеп жүр.

- Әңгімеңізге көп рахмет!