Сотталғандар санын азайтамыз десек, рақымшылық шарасын жүргізген дұрыс - Жоғарғы сот
АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан бүгінгі таңда 100 адамға шаққанда сотталған азаматтар саны жағынан әлем бойынша 17-нші орында тұр.
Алайда елімізде қазір жазалау, яғни тұтқынға алуды санкциялау жағдайлары кеміп отыр. Сондықтан сотталғандықтардың көрсеткіштері бойынша біздің биылғы жылғы көрсеткіштер біршама оңалады деген ойдамын», - деді бүгін Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов бүгін журналистермен кездесуі барысында.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде сотталған азаматтар санының көптігі рас. Мұндай проблема елімізде бар. «Ал рақымшылық, яғни амнистия мәселесіне келетін болсақ, бұл мемлекеттің азаматтарға кешірім жасауы. Ол заң негізінде жүзеге асады. Егер құзырлы органдар, айталық құқық қорғау органдары мен депутаттар тиісті мәселе көтеріп, қажетті заң қабылданатын болса, бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтар саны айтарлықтай азаятын еді. Яғни бізде бүгін жекелеген қылмыстар бойынша, басқаша айтқанда орташа деңгейде қылмыс жасап сотталған азаматтарға рақымшылық жасау қажеттілігі бар», - деді А.Қасымов.