Сотталғандардың жұмыс таппай, қоғамға қайта бейімделе алмауына не себеп

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада қылмыс жасап жазасын өтегендерді жұмысқа орналастыру және оларды қоғамға қайта бейімдеудегі басты проблемалар аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталғандардың жұмыс таппай, қоғамға қайта бейімделе алмауына не себеп

«Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққандар жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болады. Осы орайда оларды еңбекпен қамтуда ынталандыру жүйесін енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, салық режимі бойынша жеңілдіктер жасау. Сотталғандардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін тағы бір проблема олардың созылмалы ауруларға шалдығуы. Тұрақты жұмысы болмағандықтан істі болған азаматтарға ешқандай төлем жасалмайды», - деді Астана қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов елорда мәслихатында өткен отырыста.

Оның айтуынша, істі болғандардың мамандандырылған медициналық көмек алуға да құқығы жоқ.

«Оларды емдеу және оңалту мәселесін қалалық денсаулық сақтау ұйымдары базасында іске асыру ұсынылады. Одан бөлек, аталған санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына сот ауыртпалықтары мен атқарушылық құжаттардың болмауы кедергі келтіреді. Бұл жағдайда мүліктік талаптарды ішінара өтеу үшін банк карталарын уақытша бұғаттан шығару ұсынылады», - дейді ол.

Астаналық полиция өкілінің мәлімдеуінше, бұрын істі болғандардың қылмысқа қайта бармауы және оларды қоғамға бейімдеу барлық мүдделі органдардың бірлескен, жүйелі жұмысын талап етеді.