Соттар қайырымдылық шараларын өткізуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақмола облысының соттары «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына - 25 игі істер» ұранымен қайырымдылық шараларын өткізуде, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттар қайырымдылық шараларын өткізуде

Мереке қарсаңында Ақмола облысының аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары балалар үйін, көп балалы және аз қамтылған жанұяларды, қиын жағдайдағы отбасыларының балаларын, емделуге мұқтаж балаларды, жан-ұялардағы тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларды, көмекке мұқтаж аз қамтылған зейнеткерлер мен қарт адамдарды келе жатқан мерекемен құттықтады.

Соттар ұжымы көмек пен қолдауды мұқтаж ететін 25 бала мен жанұяларды қамқорлықтарына алды.

"Судьялар мереке қарсаңында әрбір балаға, әрбір жанұяға және қарт адамдарға  емделуге материалдық көмек, азық-түлік және жылы киіммен, қысқа көмірмен қамтамасыз етті, пәтерді жинау мен аулаларды қардан тазалауға көмектесіп, балалар үйінде мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, сыйлықтар мен ойыншықтар сыйлау сияқты көмек көрсетті.

Балалардың қуанышы, кәрі адамдар мен көп балалы ата-аналардың алғысы мен жақсылыққа деген сенімі - игі істер істеуге тұрарлық дүние", деп көрсетілген хабарламада.

Облыс соттары қайырымдылық шарасын жалғастыруда.