Соттар өз сот актілерінде Конституцияны қолданады- Руслан Бәйішев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Судьялар Конституцияға қызмет етеді. Мұндай пікірді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қалалық сотының судьясы Руслан Бәйішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, Қазақстанда жүргізілген реформалар мен референдумдар сот қызметі үшін сапалы қадам болмақ. Судьялар Конституцияға қызмет етеді. Қазіргі уақытта сот жүйесі азаматтардың құқығын, мемлекеттік мүдденің қоғамдық және экономикалық негіздерін қорғайды. Бұл жерде Конституция маңызды рөл атқарады.
«Ата Заң біздің еліміздің аумағында тікелей қолданылады, соттар Конституцияны өздерінің сот актілерінде қолданады және оған тікелей сілтеме жасайды», - деп жалғастырды судья.
Ол сондай-ақ елдің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін Конституциялық Кеңес жұмыс істегенін, ол негізгі заң нормаларын түсіндіретін орган болғанын мәлім етті.
«Өзгерістерден кейін Конституциялық сот құрылады, ол әлемдік стандарттарға сәйкес азаматтарымызға Конституция нормаларын тікелей, толық түсіндіруге, құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Қазақстан - посткеңестік кеңістікте құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жүйені жаңғырту бойынша көшбасшы ел. Бізді Ресей Федерациясы ақпараттық технологияларды, электрондық үкіметті дамыту бойынша озық мемлекет ретінде үлгі етіп отыр», - деп атап өтті Руслан Бәйішев.
Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Алматы судьясы Қазақстан Конституциясы мемлекеттіліктің кепілі, тірегі және іргетасы деп атап өтті.
Соттар өз кезегінде азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді жалғастырады.
«Конституцияны дамытудың жаңа кезеңі Мемлекет басшысының, бүкіл қоғамның алға қойған міндеттеріне қол жеткізетініне сенімдімін. Сот жүйесі біздің азаматтарымыздың барлық сұраныстарын орындауға тырысады», - деп толықтырды спикер.
Брифинг соңында Руслан Бәйішев алматылықтар мен ел тұрғындарын келе жатқан Конституция күнімен құттықтады.