Соттардың әрекеттеріне шағымданушылар 9 пайызға кеміді - М.Әлімбеков
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Арнайы жүргізілген талдау жұмыстары еліміздегі соттардың әрекеттеріне шағымданушылар санының 9 пайызға төмендегендігін көрсетіп отыр. Бұл туралы соттардың 2009 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен кеңейтілген отырыста Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтері бойынша, елде әкімшілік жауапқа тартылған судьялар саны да айтарлықтай кеміген. 2008 жылы әкімшілік жауапқа тартылған судьялар 188 болса, биылғы жылы олар 151-ді құрап отыр. Олардың арасында 16 судьяға қатысты қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды. «Есесіне, сот алқасы қараған материалдар саны өсті. 2008 жылы олар 4 судьяға қатысты істі қараса, өткен жылы 14 судьяның ісін талқыға салды. Тағы 5 судьяның
ісін қарау ағымдағы жылға қалдырылды. Осы талқылаулардың нәтижесінде 7 судья қызметіне сәйкес емес деп табылды. Ал 2008 жылы қызметіне сәйкес еместігі жөніндегі шешім небәрі 3 азаматқа қатысты шығарылған болатын. Осылайша облыстық соттардың пленарлық отырыстарында сот алқасының әлеуеті сот саласын кездейсоқ адамдардан тазартуда кеңінен пайдаланылатын болды», деді Жоғарғы сот төрағасы.