Соттың шешімі орындалуымен құнды – Ермек Қожамқұлов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Жетісай аудандық сотында қылмыстық істердің түсуі жылдан жылға кеміп келеді. Мәселен, өткен жылы 139 іс қаралса, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 103 іс түскен. Биылғы 9 айда қылмыстық істердің түсуі 36-ға азайған. Ал, қылмыстық істерді татуласуға байланысты тоқтату жағдайлары 9-ға кеміп отыр. Бұл туралы Жетісай аудандық сотының төрағасы Ермек Қожамқұлов мәлімдеді.

қылмыстық іс
Фото: Kazinform

Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңесте сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өткен болатын.

«Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажеттігін жөнінде тапсырған еді. Бүгінде елімізде бұл бағытта көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Жетісай аудандық соты – 6 құрамды жалпы юрисдикциялы сот. Қазіргі таңда онда штат кестесіне сәйкес төраға және 3 судья қызмет атқаруда. Ал, 2 судьяның орны бос. Сот кеңсесінде сот әкімшісінің басшысы, 2 бас маман, 2 жетекші маман, 6 сот отырысының хатшысы және 1 аға сот приставы жұмыс істейді. Мұнда биылғы 9 айыда судьялар 103 қылмыстық, 1688 азаматтық, 51 әкімшілік талап қою, 827 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мен 4656 өтінішхаттарды қарады.

Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік. Алдымен қылмыстық істер бойынша айтайық. Аудандық сот былтырғы жылдан қалдық болып өткен 9 қылмыстық істі қарады. Одан бөлек 124 адамға қатысты 103 қылмыстық іс түсіп, оның ішінде жалпы 108 адамға қатысты 96 іс қаралды. Нәтижесінде, 64 адамға қатысты 58 іс бойынша үкім, 37 адамға қатысты 33 іс бойынша қаулы, 3 іс бойынша жекеше қаулы шығарылды. Жалпы биылғы жылдың 9 айында сотқа түскен қылмыстық істердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырған 36-ға кеміген. Осыған сәйкес қаралған істердің де саны 49 іске, үкім шығарылған істер саны 39-ға, ал, тоқтатылған істер саны 9-ға кеміп отыр.

«Биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық санаты бойынша 5 адамға қатысты 3 қылмыстық іс тіркеуге алынған болатын. Биылғы 9 айда 3 адамға қатысты 2 іс бойынша айыптау үкімі шығарылды. Оның ішінде 2 адамға бас бостандығынан айыру жазасы, 1 адамға айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. 2 адамға қатысты 1 қылмыстық іс келесі жылға қалдық ретінде өтетін болады» - делінген Жетісай аудандық сотының төрағасы Ермек Қожамқұлов ұсынған ақпаратта.

Реті келгенде айыппұлдардың орындалуын да тілге тиек ете кетейік. Биыл 6 қылмыстық іс бойынша 6 адамға қатысты 330852 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалған болатын. Бүгінгі таңда айыппұл түріндегі жазалар толық орындалды. Сондай-ақ, қылмыстық істердің түсуі 36-ға (2023ж.- 139 іс, 2024ж.- 103 іс), айыптау үкімінің саны 39-ға (2023ж.-97 іс, 2024ж.- 58 іс), қылмыстық істерді татуласуға байланысты тоқтату жағдайлары 9-ға кеміді (2023ж.-42 іс, 2024ж- 33 іс тоқтатылған).

Азаматтық істерге келер болсақ, былтырғы жылдан 135(133) азаматтық іс биылғы жылға қалдық болып өткен-ді. Одан бөлек басқа соттан соттылығы бойынша 85 іс пен 1688 талап-арыз түскен болатын. Жалпы биыл 9 айда 1938 талап-арыз түсіп, іс қаралған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 108-ге артық.

Тарқатып айта кетейік, 4 талап-арыз қабылдаудан бас тартылған, 136 кері қайтарылған. 1564 азаматтық іс қаралып, оның 189-ына сот бұйрығы шығарылды. 830 іс бойынша шешім шығарылды. 325 іс тоқтатылса, 202 азаматтық іс қараусыз қалдырылды.

«Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда азаматтық істерде сотқа түскен талап қою арыздардың саны 108-ге артқан, кері қайтарылған арыздар саны 41-ге кеміген, шығарылған шешімдердің саны 3-ке және медиация тәртібімен тоқтатылған істердің саны 165-ке артып отыр. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша өткен жылдан 6 әкімшілік талап қою қалдық болып өткен-ді. Одан бөлек биылғы жылдың 9 айында 51 әкімшілік талап қою түсіп, жалпы 57 іс қаралды. Нәтижесінде, 12 талап қою кері қайтарылып, 37 іс қарау кезінде қайтарылды. 5 іс бойынша шешім шығарылып, 5 әкімшілік талап қою қанағаттандырылды. Ал, 14 іс келесі есеп кезеңіне қалдық ретінде өтті» - делінген сот ақпаратында.

Әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша өткен жылдан қалдық ретінде 1 іс өткен. Сонымен қатар, биылғы жылдың 9 айында 827 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсті. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда істің түсуі 83-ке кемігенін көруге болады. Жалпы есепті кезеңде 799 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралып, оның ішінде 174 іс тоқтатылды. 567 іс бойынша әкімшілік жаза тағайындалды, 42 іс бойынша ескерту жасалды. 364 іс бойынша айыппұл салынса, 122 іс бойынша әкімшілік қамаққа алу, 15 іс бойынша арнайы құқығынан айыру, 24 іс бойынша ел аумағынан шығару жөнінде жаза қолданылды. Нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзушылық жазасын тағайындау 36-ға, әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындау 63-ге кеміді. Сот актілерінің сапасы артты.

Жетісай аудандық соты бұқаралық ақпарат құралдарында соттың имиджін көтеретін және қоғамдық пікір туғызатын қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша ұдайы мақалалар жариялап тұрады. Сотта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сұхбаттар береді. Сонымен қатар, қылмыстық істердің ашық және жариялы түрде өтуін қамтамасыз етеді. Әр айдың соңғы жұмасында тұрақты түрде ашық есік күні өткізіледі. Бұл жайында алдын ала жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру беріледі.

«Біз өз тарапымыздан сот актілерінің орындалуы барысын да қатаң қадағалауға алғанбыз. Орындалмай жатқан сот актілері бойынша апта сайын сот орындаушылармен жиын өткіземіз. Орындаудан бас тартқан борышкерлер Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік жауапқа тартылады. Сондай-ақ, орындалмаған сот актілері бойынша тоқсан сайын тиісті құзырлы органдарға ескертулер жасалып, сот орындаушылардың қатысуымен әрбір орындалмаған сот актілерінің орындалмау себептері тексеріледі. Тиісті шаралар қарастырылады. Бұл жөнінде аудандық прокуратураға тізім беріліп, олардың орындалуына ықпал жасау туралы ұсыныстар айтылады» - делінген Жетісай аудандық сотының төрағасы Е. Қожамқұлов ақпаратында.