Сотты құрметтемеушілік, сот шешімін орындау тәртібін бұзу секілді қылмыстарды тергеу ІІМ-нен Сот әкімшілігі комитетіне беріледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы ҚР Президентінің 2009 жылғы сәуірдің 22-сіндегі «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжат бойынша сот шешімдерін орындау тәртібін бұзумен, сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасаумен және сотты құрметтемеушілік көрінісімен байланысты қылмыстық істерді тергеу жөніндегі өкілеттіктер Ішкі істер министрлігінен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің қарамағына беру көзделеді. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. «Ішкі істер министрлігі органдарының тергеу бөлімшелері жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың ауқымдылығына байланысты аталған санаттағы қылмыстарды сапалы тергеуге мүмкіндігі болмай жатады. Бұдан басқа, министрлік мұндай құқық бұзушылықтарға мемлекет тарапынан әсерлі нәтижелерді қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге, атқарушы органның ерекшеліктерінен толық хабардар болмау ішкі істер органдарының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр», деді құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Бақтияр Өнербаев.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, құжатты екінші оқылымға әзірлеу үшін комитетке жолдады.