Соттың ең басты міндеті әділдікті қамтамасыз ету - Елбасы
АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сот өндірісін жетілдіру инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланумен тікелей байланысты. Алдыңғы қатарлы сот тәжірибесі қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, электронды технологияларға көшуді талап етеді.
Бұл процесс қазіргі сот жүйесінің басты базасына айналуы тиіс. Бұл мәселе жөнінде бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президенттің сөзінше, «Электронды үкімет» технологиясы сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. «Соттарға қойылатын басты талап сот актілері сапалы әрі мінсіз орындалуы тиіс. Қазіргі таңда Парламент сот қызметіне қатысты заңдарды қарап бітіруге таяу. Сондықтан бізге ол құжаттардың мүмкіндіктерін жүзеге асыруға асығу қажет. Соттың әділдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын сенімді қорғау үшін судьялар мен соттарды мамандандыруды белсенді жүргізу керек.
Бұл уақыт талабы және халықаралық норма. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, шешу керек», деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ соттар мен судьяларға қызметіне қатысы жоқ құзыр берілмеу тиіс немесе олар өз қызметтерінен тыс мәселелермен айналыспаулары керек. «Соттың ең басты міндеті әділдікті қамтамасыз ету», деді Елбасы.