Соттың сауатсыздығына наразы журналист әйелдің юбкасын киіп шықты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында соттардың әрекетіне наразы болған тілші сот ғимаратына әйелдердің юбкасын киіп келді. Жергілікті газеттің редакторы Сардар Әбдіжақия осылайша сотқа қатысты өзінің азаматтық пікірін білдірмек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Журналист өзінің әрекеті арқылы көкейінде жүрген түйткілді  мәселелерді жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасына жеткізбек болды. Атап айтқанда, жуырда Мақтаарал аудандық сотының  шығарған қаулысында тілшінің ер азамат екенін біле тұра  аты-жөнін  әйел азамат етіп жазып жіберген. Әрі бұл қаулы бүгінде күшіне еніп кеткен.


«Менің намысым тапталып отыр. Мақтаарал аудандық сотының  судьясы жынысымды өзгертіп жазса, Шардара аудандық соттың судьясы мекенжайымды өзгертеді. Сөйтеді де «қате кетіпті, ештеңе етпейді, одан үлкен "проблема" жасаудың қажеті қанша» дейді. Сонда біздердің намысымыз қайда? Адам тағдырына араша болады деген соттың сауаттылығы қайда? Біз кімге сенуіміз керек? Заң орындары қателікті сауатсыздықтан жіберіп отырса, кімге өкпелеп, кімнен араша сұраймыз? Енді қараңыз, осындай жауапсыздықтың немесе сауатсыздықтың кесірінен шығарылған қаулыдағы қателіктің кесірен қаншама адамдар жазықсыз отырған шығар? Сот орындарына төрелік айтып, баға бере алмаймыз ғой? Соны біліп алған "сауатты" судьяларымыз адам тағдырын "ұйықтап" отырып та қаулы шығарса, шығарған қаулыда қателер "өріп" жүрсе, сонда да үндемеуіміз керек па? Мен бүгін облыстық соттың төрағасы Талғат мырзадан қаулыны өзгертіп, жынысын ер адам деп жазуды талап етемін»,- дейді Сардар Әбдіжақия.

Ал облыстық соттың өкілдері журналистің наразылық әрекеттерін себебін тыңдап, тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді. Яғни, қателер түзетіліп, мұндай кемшіліктерге жол берген судьялардың да мәселелері қаралатын болды. Осындай жауаптан кейін ғана газеттің редакторы сот ғимаратынан шығып кетті.

Айта кетейік, өңірлік соттың ғимаратына ер азаматтың әйелдер киімін киіп келіп, наразылығын білдіруі алғаш рет тіркеліп отыр. 

Соңғы жаңалықтар