Сотына сенген ел келешегіне де сенімді - Жақып Асанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов судьялардың жұмысын жақсарту жолын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, біз өзіміздің проблемаларымызды, кемшіліктерімізді қоғамға жасырмай жеткізе білсек, түсіндіре білсек қоғам қызметіміздің қыр-сырын одан сайын жақсы білетін болады. Ал енді қоғам, жұрт біздің жұмысымыздың қыр-сырын білген сайын бізге деген, судьяларға деген талап одан ары өсе түседі. Бұл түбі нені береді? Өйткені қоғам білгеннен кейін біздің әр сөзіміз, әр қадамымыз жұрттың бақылауында. Ал олардың бақылауында болғаннан кейін әрбір судья, соттың әрбір төрағасы өзінің жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның айтуынша, мемлекеттік билікте соттың алатын орны ерекше. Сондықтан жұрт сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, әділдік сұрайды. Көңілі қалса, сотқа емес бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді.
«Сондықтан кез келген азамат заңды сыйлайтын, заңды құрметтейтін қоғамда өмір сүргісі келеді. Неге? Өйткені сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды. Олар мемлекеттік сыйлайды, Отанын құрметтейді. Тәртіпке бас иіп, уайымсыз өмір сүреді. Ал инвесторлар не дейді? Бұл елдің соты әділ, деп қаражатын қорықпастан сол елдің экономикасына салады. Осы жөнінде Елбасы талай айтып жүр. Дегенмен біз осыны ылғи есімізде ұстауымыз керек», - деді Жақып Асанов.