Советқазы Нұрсила кезектен тыс Президенттік сайлауға түсу жөніндегі өтінішін қайтарып алатындығын мәлімдеді

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өткен үміткер Советқазы Нұрсила кезектен тыс Президенттік сайлауға түсу жөніндегі өтінішін қайтарып алатынны мәлімдеді.

Советқазы Нұрсила кезектен тыс Президенттік сайлауға түсу жөніндегі өтінішін қайтарып алатындығын мәлімдеді

Бұл туралы ол бүгін емтиханнан соң журналистермен болған кездесуінде айтты.

«Мен бұл сайлауға түспейтін болдым. Мен азаматтар мен Конституция құндылықтары, демократия құндылықтары ешқашанда аяқасты етілмейтіндігін дәлелдедім. Мен Қазақстанның қатардағы азаматымын және өзімнің кандидатурамды алып тастағалы отырмын. Мен өзімнің алдыға қойған мақсатымды орындадым. Менің құжаттарым қабылданды, емтиханнан өттім. Мен мұнда келгенде "құжаттарымды қабылдар ма екен, содан соң емтиханнан өткізер ме екен?" деген оймен келгенмін. Орталық сайлау комиссиясы құжаттарымды қабылдады, емтиханнан да өттім. Әр азаматтың өзінің конституциялық құқықтары бар, мен осыны дәлелдегім келді»,-деді ол.

С.Нұрсиланың сөзіне қарағанда, ол сайлаушылардың 1 пайыз даусын да жинай алмайды. «Егер мен әрі қарай сайлау додасына түсе беретін болсам, әрбір кандидатқа бөлінетін қаржыны бостан-бос шығын еткен болып шығамын. Ал ол қаржы салық төлеушілердің қаржысы емес пе?»,-деді ол.