Сойлыбаевтың қарсыласы мексикалық Варгас туралы не білеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген қазақстандық Бекман Сойлыбаев 19 қазан күні кәсіпқой бокстағы өзінің 12-ші кездесуін өткізеді. Қазақстандық боксшының қоржынындағы екінші орта салмақтағы WBC International титулына бұл жолы мексикалық Фернандо Варгас көз тігіп отыр. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қазақстандық боксшының қарсыласы туралы ақпаратты ұсынады.
None
None

Diamond Ring порталы ұсынған мәліметке сәйкес, мексикалық былғары қолғап шеберінің жасы 29-да. Толық есімі - Фернандо Варгас-Парра, лақап аты - Эль Феррозито. 2006 жылдың қыркүйегінде тұңғыш рет кәсіпқой бокстың шаршы алаңына шыққан ол Мексикадағы ең мықты елу боксшының рейтінгінде 13-ші орында тұр. Жас болғанына қарамастан, бұған дейін 47 мәрте кездесу өткізіп үлгерген. Оның 32-сінде жеңіске жетіп (21-ін нокаутпен), 12-де қарсыластарына есе жіберіпті. Тең түскен айқастарының саны - 3.

Кәсіби бокста 11 жылдық тәжірибесі бар Фернандо Варгас ең алғашқы кездесуін Омар Рохаспен өткізген. Бірінші кездесуі мексикалықтың пайдасына шешіліп, қарсыласын техникалық нокаутпен ұтқан. Бұдан кейінгі Варгастың 9 кездесуі де сәтті аяқталып, доданың бәрін де уақытынан бұрын аяқтапты. Ал биылғы жылы Варгас үш рет шаршы алаңға шыққан. Оның екеуінде мерейі үстем болғанымен, Лас-Вегаста өткізген соңғы айқасында төрешілердің шешімі бойынша жерлесі Хорацио Гарсияға есе жіберген. Әлем көз тіккен бокс кештерінен мексикалық қалмауға тырысатын көрінеді. Боксшы тіпті бірнеше мәрте актер әрі продюсер ретінде телесериалға түсіп үлгеріпті.

Бокс әлеміндегі сарапшылар Варгасты чемпиондық титул үшін бағын сынауға лайықты боксшы деп біледі. Әу бастан мексикалық боксшының жұмысын танымал менеджер Джеймс Патрик Браун жүргізеді.

Еске сала кетсек, мексикалық Фернандо Варгас пен Бекман Сойлыбаев 19 қазан күні Лас-Вегастағы бокс кешінде қолғап түйістірмек. Дәл сол күні Головкиннің бұрынғы қарсыласы Габриэль Росадо (23-11, 13 KOs) мен Глена Тапиа (23-4, 15 KOs) шаршы алаңға шығады. Доданың барлығын танымал спорттық телеканал Golden Boy Boxing тікелей эфирде көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум