«Союз-2» зымыраны Байқоңырдан солтүстік траекториямен ұшырылады

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Мысырдың Egyptsat-A спутнигін орбитаға алып шығатын «Союз-2» тасымалдаушы зымыранының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуына бір тәуліктей уақыт қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Союз-2» зымыраны Байқоңырдан солтүстік траекториямен ұшырылады

Осымен Байқоңыр ғарыш айлағының 2019 жылғы бағдарламасына старт берілетінін хабарлаған едік. 18 ақпан күні «Фрегат» блогы және Egyptsat-A ғарыш аппараты орнатылған «Союз-2» зымыраны Байқоңыр ғарыш айлағының старт кешеніне тұрғызылған.

Роскосмос баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Байқоңырдан аспанға көтерілген тасымалдаушы зымыранның траекториясы солтүстік бағытта: Қазақстанның Ақтөбе және Қостанай облыстарының, сондай-ақ Ресейдің Орал өңірінің үстінен өтеді.

Мысырдың Жерді қашықтықтан зондтайтын спутнигін «Союз-2» зымыранымен ұшыру 2019 жылғы 21 ақпан, бейсенбі, Астана уақытымен 22 сағат 47 минутқа жоспарланған.

Egyptsat-A ғарыш аппараты Жер бетін жоғары тұнықтықпен бейнеге түсіру мақсатында жасалды. Оны Мысыр Араб Республикасының Үкіметі пайдаланады. Ұшу сынақтарының бағдарламасы аяқталған соң, спутник Мысырдың басқаруына беріледі.



Автор: Сара Қабиқызы