14:20, 26 Мамыр 2013 | GMT +5
«Союз-ФГ» зымыраны Байқоңырдың ұшыру алаңына қондырылды
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - «Союз ТМА-09М» кемесі «Союз-ФГ» зымыранымен монтаждау-сынақ кешенінен шығарылып, Байқоңыр ғарыш айлағының «Гагарин» алаңына орнатылды, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі Ресейғарыш өкіліне сілтеме жасап.

«Зымыранды шығару және ұшыру кешеніне орнату штаттық жағдайда өтті», деді агенттіктің сұхбаттасушысы.
«Союз ТМА-09М» кемесі 29 мамыр күні түнде Халықаралық ғарыш стансасына жаңа экспедиция экипажымен аттанады.
Негізгі экипажға Ресейғарыш ғарышкері Федор Юрчихин, НАСА астронавты Карен Найберг және Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты Лука Пармитано енді. Олардың қосалқы мүшелері - Ресейғарыш ғарышкері Михаил Тюрин, НАСА астронавты Рик Мастраккио және Жапон ғарыш агенттігінің астронавты Коити Ваката.
Дүйсенбі күні, 27 мамырда Ресейғарыш басшысының бірінші орынбасары Олег Фроловтың төрағалығымен мемлекеттік комиссия сәрсенбі күні ХҒС-қа аттандырылатын экипаждың түпкілікті құрамын бекітеді.