«Союз» кемесі Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз ТМА-05М" кемесі автоматты режімде Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті.
Бұл туралы Мәскеу түбіндегі Ұшырылымдарды басқару орталығының өкілі мәлім етті, деп хабарлады Утро.ру.
Құрамында ресейлік Юрий Маленченко, американдық Сунита Уильямс және жапондық Акихико Хосидэ бар жаңа экспедиция 30-дан астам ғылыми тәжірибе жүргізеді.
Сонымен қатар ғарышкерлер бірқатар көлік кемелерін қабылдап, жүктерін түсіріп алады. Атап айтқанда, ХҒС-ке жапондық жүк тасымалдағыш кеме 5 шағын жерсерігін жеткізеді. Оларды ғарышкерлер жапондық манипулятордың көмегімен іске қосады.