«Союз ТМА-20» ғарыш кемесінің сапары кейінге ысырылды
АСТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат - «Союз ТМА-20» ғарыш кемесін Халықаралық ғарыш стансасына ұшыру сапары екі күнге кейін ысырылды - 2010 жылы желтоқсанның 13-іне жоспарланған сапар желтоқсанның 15-іне ауыстырылып отыр. Бұл туралы РФ Федералдық ғарыш агенттігіне сілтеме жасап РБК агенттігі хабарлады.
«Жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Біз жұмыстардың негізгі кешендерін жүргізіп болдық. Әрине, ғарыш кемесінің біраз бөлігін «Энергия» кешеніне қайтаруға мәжбүр болып отырмыз. Дегенмен, сапар екі-ақ күнге ысырылып отыр. Біз кемені желтоқсанның 15-інде ұшыруды жоспарлап отырмыз»,- деп хабарлады журналистерге агенттік басшысы Анатолий Перминов.
Естеріңізге сала кетейік, ғарыш кемесін теміржолмен тасымалдау кезінде, кеме тасымалданған вагон зақымданып, нәтижесінде бұл аппараттың пайдаланылу қауіпсіздігіне мамандар тарапынан күмән туған болатын. «Союз ТМА-20» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына ресейлік ғарышкер Дмитрий Кондратьевті, американдық астронавт Кэтрин Колман мен итальяндық астронавт Паоло Несполиді жеткізеді.