Сөз бостандығы мен азаматтардың қауіпсіздігі бірін-бірі толықтыруы керек – Эльмира Отар

АСТАНА. KAZINFORM - Сөз бостандығы журналистердің қоғам үшін маңызды мәселелерді ашық жариялау мүмкіндігімен ғана шектелмейді. Ол әр адамның өз мәселесін еркін айту, мүддесін қорғау және қоғамдық өмірге қатысу құқығын да қамтиды.

Эльмира Отар
Фото: Эльмира Отардың жеке мұрағатынан

Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында әлеуметтанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институты орталығының директоры Эльмира Отар ашық диалогтың, ақпараттың қолжетімділігі мен азаматтарды кемсітушіліктен қорғаудың маңызы туралы айтты.

Негізгі бостандықтар мен медиа саласының дамуына арналған сессияда сарапшы сөз бостандығы ең алдымен азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы керектігін атап өтті. Бұл ретте ақпараттың қолжетімді болуы және қоғам мүддесіне қатысты мәселелерді ашық талқылау мүмкіндігі маңызды рөл атқарады.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда қазақ, орыс және басқа тілдерде жұмыс істейтін 5,4 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Тілдік әртүрлілік ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп, халықтың түрлі топтарының қоғамдық пікірталасқа қатысуына қосымша мүмкіндік береді.

-Сөз бостандығы – журналистің сұрақ қою құқығы ғана емес. Бұл қарапайым адамның өз мәселесін ашық айта алуына да қатысты. Жас әйел, өңір тұрғыны, этностық қауымдастық өкілі немесе қиындыққа тап болған отбасы өз ойын еркін жеткізе ала ма? – деді Эльмира Отар.

Әлеуметтанушының пікірінше, өмірлік тәжірибесі, әлеуметтік жағдайы мен көзқарасы әртүрлі адамдар қатыспайынша, толыққанды қоғамдық диалог қалыптаспайды. Әсіресе жастардың, әйелдердің, өңір тұрғындарының және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың өз ұстанымын ашық айтып, кері байланыс алуына жағдай жасау маңызды.

Сарапшы цифрлық ортаның дамуына да назар аударды.

Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен онлайн-платформалар азаматтардың ақпарат алмасу, қоғамдық бастамаларды талқылау және өзекті мәселелерге назар аударту мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Сонымен қатар цифрлық коммуникацияның дамуы медиасауаттылыққа, құқықтық сауатқа және пайдаланушылардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.

Қазақстанда интернеттегі құқыққа қайшы контентті анықтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда спикер сөз бостандығы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау айрықша маңызды екенін атап өтті.

-Бүгінгі басты міндет – сөз бостандығы, азаматтардың қауіпсіздігі және кемсітушілік сипаттағы риторикадан қорғау арасындағы тепе-теңдікті табу, – деді ол.

Сөз соңында әлеуметтанушы медиасауаттылықты одан әрі дамытудың, құқықтық тетіктерді жетілдірудің және өзара құрмет мәдениетін нығайтудың маңызын айтты.

Оның бағалауынша, осы бағыттарды қатар дамыту сөз бостандығының заң жүзінде бекітілуімен шектелмей, әр адамның өз ойын жеткізіп, қоғамға үнін естіртуіне мүмкіндік береді.

Осыған дейін «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев елдегі Конституциялық реформаларға қатысты пікір білдірген болатын.