Созақ ауданы тұрғындарының мәселесі көтерілді - Мәжіліс депутатының сауалы

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Людмила Хочиева Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке сауал жолдады,

Созақ ауданы тұрғындарының  мәселесі  көтерілді - Мәжіліс депутатының   сауалы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттың сауал жолдауына Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының мәслихат депутаттарынан және аудан тұрғындарынан келіп түскен хат себеп болған. Хатта осы шалғай ауданның алыс ауылдарының тұрғындарын мазалап отырған ауылдық аурухана мәселесі айтылған. Хатқа барлығы 130 тұрғын қол қойған. Мәселе облыс орталығынан онсыз да шалғай орналасқан аудандағы аурухананың жабылып, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтарына, дәрігерлік амбулаторияларға айналуынан туындап отыр.«Бұл әрине, республиканы қамтып отырған денсаулық сақтау саласын реформалау нәтижесі екені белгілі. Алайда, осы реформаның барысында еліміздің кейбір шалғай аудандарындағы халықтың жағдайы ескерілмегендігі байқалады. Мәселен, Созақ ауданын алатын болсақ онда, біріншіден, ауылдар аудан орталығынан 200 шақырымға дейін алыс орналасқан. Екіншіден, аудан орталығындағы 95 орындық ауруханаға келушілер симай жатады. Үшіншіден, дәл осы Созақ ауданында аудан орталығы мен алыс ауылдарды жалғайтын жолдар жылдың кей мезгілдерінде жабылып қалады. Мұндай жағдай тек Созақ ауданында ғана деп айсақ қателесеміз. Еліміздің әр тарапында алыс ауылда тұратындар осы жағдайды бастан кешуде», - дей келіп Мәжіліс депутаты Л. Хочиева Денсаулық сақтау министріне осы мәселенің оңды шешімін табуына ықпал жасауын өтінді.