Созақ ауданында салынған жолдардың сапасы талапқа сай еместігі анықталды

СОЗАҚ. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол» жобасы аясында Созақ ауданының автокөлік жолдарына кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді. Бақылау жұмыстары барысында жаңадан салынған жолдардың сапасы сын көтермейтіні анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Созақ ауданында салынған жолдардың сапасы талапқа сай еместігі анықталды

Қоғамдық бақылау жұмыстарына Созақ ауданы әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшылығы, аудандық арнайы мониторингтік топ мүшелері мен облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары, сондай-ақ, жауапты мердігер компанияның басшылығы тартылған.


Топ мүшелері аталған ауданға қарасты Тасты және Шолаққорған ауылдарына төселген жаңа жолдардың құрамы мен стандартын саралап, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы асфальт бетон жамылғысынан сынамалар алынған. Тасты ауылының тұрғындарының арыз-шағымдары негізінде жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында Бауыржан және Жамбыл көшелерінің асфальт бетон жамылғысының беткі жағының бұзылу деректері мен оның қалыңдығы сметалық құжатқа сәйкес келмейтіндігі анықталған.


Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында орналасқан Жамбыл, №30, №32 және А.Мұқанов көшелеріне жүргізілген арнайы бақылау жұмыстары кезінде де бірқатар кемшіліктер тіркелген. Көше қиылыстарының біріктірілген тұстарының шашылу деректері мен жол төселімінің қалыңдығы біркелкі еместігі белгілі болған.

Сала мамандары мердігер жұмысында анықталған кемшіліктер бойынша акт түзіп, қайта жөндеуден өткізуге қатысты бірқатар ұсыныстар берді.