Созақ диқандары тамшылатып суару әдісінің көл-көсір пайдасын көріп отыр
Диқандар биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы «Бастау Бизнес» жобасының кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқу-семинарларына қатысқан. Сертификат алған аудан тұрғындары мемлекет есебінен берілетін бір жолғы қайтарымсыз 555 000 тенгені алып, игіліктеріне жаратып отыр. Алған қаражаттарына тамшылатып суару әдісі бойынша үй іргелік жерлеріне бақша өнімдерін егіп, жемісін көруде.
Мәселен, Шолаққорған ауылының тұрғыны зейнеткер Ахметова Райхан үй іргелік 3,5 соттық жерінде тамшылатып суару әдісін қолданып, бақша өнімдерін өсіруде. Алған өнімі мол. Бұл әдістің тиімділігін көріп, келер жылы егіс көлемін арттыруды көздеп отыр.
Тамшылатып суару әдісінің тиімділігіне көз жеткізген Жартытөбе ауылының тұрғыны Бағила Бердиева да «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебін оқып, сертификат алған.
Мемлекет есебінен алған біржолғы қайтарымсыз қаражаттың есебінен тамшылатып суару әдісімен бақша өнімдерін еккен. Бақшасында жеміс-жидегі жайқалған шаруаның айтуынша, бұл әдіс бойынша біріншіден, су аз шығындалады.
Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды.
«Су тек керек жерге ғана қажетті мөлшерде тамшылатып беріледі. Артық су шығыны жоқ. Нәтижесінде мол өнім алуға мүмкіндік жасалады. Суды негізінен каналдан су сорғыш қондырғы арқылы алып, көкөністі суарамыз. Өнім көлемі мол. Арық-атыз қазудың қажеті жоқ»,-дейді ол.
Созақ ауданында осы әдісті қолға алған диқандар көп. Тамшылатып суару әдісімен бақша өнімдерін егуді көздеп отырған 12 азамат, мемлекет есебінен берілетін бір жолғы 555000 теңге алуға өтініш білдірген. Өтініші қазір комиссия қарауында.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары мен ауыл әкімдері шаруалардың егін алқаптарына, шаруа жайларына барып, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану әдістерін, мүмкіндіктерін түсіндірген.
Тамшылатып суару технологиясын қолданысқа енгізіп, жемісін көруге шақырудың нәтижесі жаман емес.