Созақ тұрғынын пышақтаған полицейдің ісі Бас прокуратураның бақылауында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мас күйінде жергілікті тұрғынның үйіне баса-көктеп кірген Созақ аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Олжас Амандықовқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«ОҚО Созақ ауданындағы ІІБ басшысының орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабы («Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу») және жедел-тергеу тобының оқиға орнына жіберілмеуіне байланысты 362-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.», - деп жазды ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Думан Қожахметов өзінің Facebook-тегі парақшасына.

Оның хабарлауынша, негізгі қылмыс («Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу») қызметтік жұмысымен байланысты емес және тұрмыстық сипатқа ие. Сол себепті облыс прокуроры істі тергеуді арнайы прокурорға емес, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына тапсырған.

«Одан бөлек, оқиға орнына барып тұрып, қылмыстың алдын алуға әрекеттенбегені үшін жедел-тергеу тобының мүшелеріне қатысты ҚР ҚК 370-бабы («Қызметтегі әрекетсіздік») бойынша бөлек сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды», - деп атап өтті Бас прокурордың аға көмекшісі.

Екі іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды. Д.Қожахметовтың дәйегіне сәйкес, прокурор тергеудің толық жүргізілуін, қабылданған іс-әрекеттердің дұрыстығын, барлық қажетті санкциялардың мақұлдануын қадағалайтын болады және негіздеме бойынша істі сотқа жіберіп, мемлекеттік айыптауға қолдау көрсетеді.

«Тергеу барысын Бас прокуратура өз бақылауына алды», - деп хабарлады ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Созақ аудандық ІІБ басшысының орынбасары Олжас Амандықовтың қатысуымен болған видео әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Онда Марат Т.А. есімді қолданушы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында болған оқыс оқиға туралы хабарлаған. Бейнежазбада Олжас Амандықовтың мас күйінде жеке үй ауласына баса-көктеп кіргені, үй қожайынымен дауласқаны көрсетілген.

«Үй қожайыны Елнұр Ибрагимов түн ішінде мас полицеймен дауласпайтынын айтқанда, Олжас Амандықов үй қожайынына пышақ ұрды. Сол сәтте оларды ажыратпақ болған Елнұрдың қарындасын да полицей пышақпен жаралады (...) Оның үстіне, Олжас Амандықов оқиға орнына келген полиция экипажын балағаттап, қайтуды бұйырған. Осылайша, Ибрагимовтар үйіндегі айқай-шу жарты сағатқа созылды», - деп жазды Марат Т.А.

Соңғы жаңалықтар