Созақта Қызыл кітапқа енген құстарды аулаған тұрғын ұсталды
ШОЛАҚҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полицейлер Қызыл кітапқа енген құстарды аулаған тұрғынды ұстады. Тергеу барысында күдіктінің сирек кездесетін құстарды екі сыбайласымен бірге түнгі уақытта аулағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Созақ ауданында тұратын заңбұзушы өңірде өткізілген «Экологиялық құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және анықтау» атты рейдтік іс-шара барысында қолға түскен. Оның Қызыл кітапқа енген 42 бұлдырықты заңсыз аулап, сақтап жүргені белгілі болды. Оқиға орнына арнайы барған тәртіп сақшылары мал жайылымында отыратын бақташының қорасынан тіркелмеген жарық салғыш құрылғы мен құс ұстауға арналған торды тапқан.
Айғақты зат ретінде тәркіленген құстар зерттеу орталығына жіберіліп, сараптама жұмыстары олардың Ақбауыр бұлдырық екенін растады. Кейіннен күдіктінің түнгі уақытта құстардың қонған жеріне жарық жағып, жарықтың әсерінен қимылсыз қалған құстарды ұстап отырғаны белгілі болды. Ол алдын ала жоспар құрып, бағалы құстарды сатпақшы болған.
«Қазіргі таңда күдіктінің бірі ұсталып, Созақ АПБ-не жеткізілді. Кінәсін толық мойындаған тұрғын келіп-кету туралы міндеттемемен босатылды. Ал қалған 2 күдіктіні қолға түсіру мақсатында жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 339-бабымен іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, құстар болса Шымкент қалалық зообағына жеткізілді» делінген хабарламада.