Созақта тігінші бір күнде 300 маска тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты
СОЗАҚ. ҚазАқпарат - Созақтық тігінші бір күнде 300 медициналық маска тігіп, тегін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Созақ ауданы Созақ ауыл округінде ісмерлік тігін тігіп, нәпақасын тауып отырған Жәмила Қанапина бір күнде 300 бетперде тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты.
«Қазір көп жерде медициналық бетперде табу қиын. Бағасы да шарықтап барады. Ел басына осындай қиын іс түскенде халықпен бірге болып, қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсауды, көпшілікке жәрдемдесуді мақсат еттім. Енді мата жеткізіп берсе, тегін тігіп, халыққа таратсам деймін», – деді Жәмила Айдарбекқызы.
Аудандық төтенше жағдай жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Бағдат Айдарбеков осындай қиын сәтте қайырымды іс жасап отырған Жәмила Айдарбекқызына алғыс айтты. Ауыл әкімі Батырхан Аяповқа ауыл тұрғындарын, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, матамен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды тапсырды.
«Бұл бір рет қана пайдаланатын бетперде емес. Жуып, қайта бірнеше рет пайдалануға болады», – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Әлішерұлы.