S&P Nvidia компаниясының несиелік рейтингін төмендетті

АСТАНА. KAZINFORM — S&P Global Ratings компания басшысы Дженсен Хуангтың қызметтен кетіп, қайта оралуынан кейін корпоративтік басқару мен директорлар кеңесінің тәуелсіздігіне қатысты туындаған сұрақтарға байланысты Nvidia-ның кредиттік рейтингін төмендету ықтималдығымен қайта қарады, деп хабарлайды Reuters.

S&P повысило суверенный кредитный рейтинг Казахстана впервые с 2016 года
Фото: ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Қазір Nvidia компаниясында «AA» рейтингі бар, бұл оның қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. S&P агенттігі оны алдағы 90 күн ішінде қайта қарауы мүмкін. Сонымен қатар сарапшылар егер жаңа мән-жайлар компанияның беделі мен іскерлік перспективаларына нұқсан келтірмесе, рейтинг бір сатыдан артық төмендетілмейді деп болжайды.

Агенттік өкілдері директорлар кеңесінің кейбір мүшелерінің өз лауазымдарында ұзақ уақыт отыруы олардың тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Бұдан бөлек, S&P бағалауынша, Nvidia-ның корпоративтік басқару жүйесі компанияның өсу ауқымы мен әлемдік технологиялық саладағы маңызына сәйкес келмеуі ықтимал.

Бұл шешім Nvidia басшылығының айналасындағы бірқатар оқиғалардан кейін қабылданды. Өткен аптада директорлар кеңесі Хуангтың ізбасарын іздейтінін жариялап, 23 қарашада оны бас директор лауазымына қайта тағайындады.

Хуангтың қызметіне оралуы директорлар кеңесінің тәуелсіздігіне қатысты сұрақтар туғызды. Сонымен бірге Nvidia басшысына және шетелдік арнайы қызметтердің ықтимал әрекеттеріне байланысты мән-жайларды тергеу жалғасып жатыр. Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ Әділет министрлігі Хуанг қызметіне қайта оралғанға дейін оған қатысты ресми тергеу жүргізбеген.

Басқа рейтингілік агенттіктер әзірге компанияға берген бағасын өзгерткен жоқ. Moody's агенттігі Nvidia рейтингін тұрақты болжаммен Aa1 деңгейінде сақтап қалды және бұрынғы басшының оралуы бизнесті басқаруға қатысты қысқа мерзімді белгісіздікті азайтқанын атап өтті. Дегенмен корпоративтік басқару мен реттеу мәселелері әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Nvidia жасанды интеллект нарығын дамытуда шешуші рөл атқарады. Компания ЖИ жүйелеріне арналған графикалық процессорларды жеткізеді, сондай-ақ стартаптарға, бұлттық платформаларға және деректерді өңдеу орталықтарының жобаларына инвестиция салады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобаларды қаржыландырудың күрделі схемалары нарық бәсеңдеген жағдайда компанияның осалдығын арттыруы мүмкін.

Айта кетейік, Nvidia компаниясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангды бас директор қызметіне қайта тағайындау туралы шешім қабылдағаннан кейін АҚШ қор нарығы, атап айтқанда, үш негізгі қор S&P 500, Dow Jones және Nasdaq индексіне кіретін компаниялардың акциялары күрт өсті.