СПОРТ-2012: Елдің ең үздік сайыпқыран спортшылары халқымыздың мерейін тасытты
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жыл соңында жетістіктерді жіктеп, толағай табыстарға қол жеткізген спортшылар тізбегін қайта електен өткізу - әлемнің әрбір елінде бар үрдіс. Біз де табан тірескен дүлей додаларда ел намысын қорғаған ең үздік қыз-жігіттеріміздің ұлық рейтингісін жасауға тырыстық.
Үстiмiздегi жылы жалпы қазақ спортында бiршама дүркін-дүркін жеңістер болды. Жеңiлiс пен жеңiс қатар жүретiн бұл өнерде қай спортшының мерейі үстем болды? Қай оғлан тарих бетіне өшпес із қалдырды? Үкілеген үміттеріміз кімдер? Бүгін соны анықтайтын боламыз.Жыл спортшысы атағына лайықты сайыпқырандарды сараптамас бұрын, 2012 жылы қазақстандық спортшылардың жеткен биігін бірсыдырғы шолып өтейік. Жылдың ең елеулі спорттық шарасы - Лондондағы ХХХ Жазғы Олимпиада ойындары. Лондондағы Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық жүлделік есепте 12-ші орын алып, республика тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде үздік нәтиже көрсетті. Отандық спортшыларымыз жеті алтын, бір күміс және бес қола медальдарды жеңіп алды. Біз өз тарапымыздан өрендеріміздің осындай таңғаларлық жетістігімен құттықтаймыз.
Қазақстан шаңғышылары биыл әлем кубогы кезеңдерінде сәтті өнер көрсетіп жүр. Канаданың Квебек қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық шаңғышылар Денис Волотка мен Николай Чебатько алтын жүлдеге ие болғаны есімізде. Бұған дейін еліміздің спортшылары командалық спринтте алтын алып көрмеген. Алексей Полторанин де кубок жолындағы додаларда үздік үштіктен көрінді.
2012 жылы қазақстандық Евгения Рагулина у-шудан екі дүркін әлем чемпионы атанса, Қазақстандық штангашы Надежда Ногай - Азия чемпионы болды және Азияның мықты атлеті тізімінде көш бастады. Әлемнің бірінші спорты футболдан пәлендей жеңіс көрмесек те, Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингісінде 7 орынға жоғары көтерілді биыл. Теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис Кубогының рейтингісінде 8-ші орынға көтерілді. Қазақстандық кәсіби боксшылар Геннадий Головкин мен Қанат Ісләм ірі жеңістерге жетіп, халықаралық титулдарға ие болды. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орташа салмақта WBA титулының иегері атанса, Қазақстандық боксшы Қанат Ісләм жартылай салмақтағы WBA Fedecaribe титулын жеңіп алды. Енді спорттағы бірнеше аталымдар бойынша үздік спортшылардың атын атап кетейік.
«Күрзі жұдырық»
Бұл аталымда еліміздің 2012 жылғы ең үздік боксшысының есімі аталады. Іштеріңіз сезген шығар, сөз жоқ, бұл атақ биыл Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тағынған Серік Сәпиевке беріледі. Біздің батыр кешегі дүбірлі додада әлемнің әр ұлтынан сайланып келген кілең мықты боксшыларын шаршы алаңда бет қаратпай, айдыны асқақ, айбыны үстем екенін анық аңғартты. Бұған қоса, Вэл Баркер кубогін арқалап қайтты. Баркер Олимпиададағы ұрыс техникасы ең шебер боксшыға беріледі. Бұл жетістік қажырлы еңбектің нәтижесі. Олимпиада биігін бағындырамын деген асқақ арманына жету үшін талай жылғы сүрлеуден, кедергіден мұқалмастан өтіп жеткен жеңіс бұл. Сағы берік болды. Осылайша боксшымыз жеңіс тек жанкешті еңбекпен ғана игерілетінін дүйім жұртқа сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Қазақстан бокстан Олимпия шыңынан «алтыннан» бос қайтқан емес. Жиров болып басталған, Ермахан мен Бекзат жалғаған, Артаев пен Сәрсекбаев жеңісіне ұласқан жолға енді Серік Сәпиев те келіп қосылды.
«Вундеркинд»
«Еліміздің үміті» аталымына 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының төрт дүркін чемпионы Жансая Әбдімәлік лайық. Он бір жастағы шахматшы биыл ең жас гроссмейстер атанды. Жансая осы жылдың маусым айында Мәскеу мен Алушта қалаларында өткен турнирлерде топ жарып, халықаралық гроссмейстер нормасын орындап шыққан. Ол осынау екі жарыстан кейін әлемдік рейтингтегі өз көрсеткішін 102 пунктке жоғарылатқан. Осылайша, Жансая Әбдімәлік әлемдегі ең жас гроссмейстер атанып отыр. Сонымен қатар, кішкентай вундеркинд Қазақ-Британ техникалық университетінің ең жас студенті. Қазақстандық вундеркинд Жансая Әбдімәлік әлемді төрт рет бағындырған алғашқы жас шахматшы. Былтыр Бразилияда өткен шахмат турнирінде 12 жасқа дейінгілер арасында сынға түсіп, топ жарған Жансая осыған дейін әлемдік сында үш мәрте ел байрағын аспандатқан еді. Алғаш рет 8 жасында чемпион атанған Жансая 11 жастан енді асты. Жоғарыда айтылған ағаларының қасында әлдеқайда кішкентай екеніне қарамастан, талабы таудай бүлдіршін ел намысын абыроймен қорғап жүр. 11 жасында ақыл мен ойдың ойынынан озып шыққан Жансаяның алар асуы әлі алда.
«Мансаптың салтанатты аяқталуы»
2012 жылы Лондон Олимпиадасы сынды байрақты бәсекенің «бісмілләсін» алтын медальмен бастаған Александр Винокуровтың жеңісін елемеске болмас. Осыдан бес жыл бұрын «Тур де Франс» веложарысының 13-ші және 15-ші кезеңдерінде жеңіске жеткен А.Винокуровтан допинг сынақ алынып, А тексерісінің нәтижесі бойынша жарыс алдында қан құю әрекетіне барған деген айып тағылған болатын. Осылайша ол үлкен спорттан 2 жылға шеттетілгені есімізде. 2011 жылы «Тур де Франста» алған ауыр жарақатынан кейін мансабын аяқтау туралы мәселе көтерілген еді. Бірақ ұлттық құрамаға Лондон Олимпиадасының жолдамалары түгел болуы үшін Винокуровтың ұпайлары қажет болған соң, ол өзінің мансап жолын ұзартты. 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қарсаңында Александр Винокуров бұл жарыс өзінің кәсіби мансабындағы соңғы жарыс болады деп өз шешімін айтты. Жанкүйерлер велошабандозды одан жеңіс күтпей шығарып салған болатын. Себебі жақында ғана жарақатынан айыққан спортшы үшін, бабы келісіп тұрған велошабандоздардың арасынан жүлде алу былай тұрсын, олармен текетіресудің өзі көзсіз ерлікпен тең еді. Күзде 39 жасқа толатын ардагер алтын алады деп басқа-басқа емес, өзі де ойлаған жоқ. Тіпті оның Лондонда өнер көрсететіні соңғы күндері ғана шешілді. Бірақ велоспорттан тас жолдағы ерлер арасындағы жарыста Александр Винокуров алдына жан салмады. Айта кетерлігі, мәреге сегіз шақырымнан аз қашықтық қалғанда көшбасшы топта екінші келе жатқан А.Винокуровтың алдындағы шабандоз шұғыл бұрылыста рөлге ие бола алмай құлады. Біздің спортшы да оған соғылып, амалсыздан көш бастап келе жатқан топтан көп кейін қалуға мәжбүр болды. Дегенмен, бар күшін жұмсаған А.Винокуров мәреге бес шақырым қалғанда топты қуып жетіп қана қоймай, суырылып алға шығып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша 248 шақырымдық жарыс жолының соңғы сәттерінде алдына жан салмаған ол Лондон олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салды. Ауыр жаттығулар жылдары, қиындыққа толы ұзақ жол өз ісін орындамай қоймады. «Вино» өзінің соңғы жарысын алтынның иегері - Олимпиада жеңімпазы ретінде аяқтап, өзінің көрнекті даңқ тізіміне ең жоғары мәртебелі награданы қосты.
Сондықтан ол «Мансаптың салтанатты аяқталуы» аталымынан орын алуы заңдылық.
«Олимпиадалық дебют»
Ағымдағы жылы Марина Вольнова еліміздің қыздар арасында тұңғыш олимпиада жүлдесін жеңіп алған боксшысына айналып отыр. Осыған орай «Жыл дебюті» аталымын осы спортшымызға беруді ұйғардық. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында 75 килограмм салмақта рингке шыққан Марина Вольнова ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Есте болса, биыл Олимпиада ойындарының бағдарламасына тарихта алғаш рет қыздар боксы енгізілген болатын. Бокс бұған дейін жазғы олимпиада ойындарында тек ерлер арасында өтіп келген жалғыз спорт түрі болып келді. АИБА шешімімен әйелдер боксы да дүбірлі додаға 2012 жылдан бастап алғаш қосылған еді. Олимпиада ойындарында 75 келі салмақ санатында Қазақ елінің намысын Марина Вольнова арқалап аттанған болатын. Және арқалаған елдің үлкен үмітін ақтап, олимпиада жүлдесін Қазақстан қоржынына салып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері бұның алдында бокстан еліміздің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Жақында М. Вольнова Ресейдің Белоярск қаласында өткен әлем кубогының жеңімпазы деп танылды.
«Жылдың үздік ізбасары»
Бұл аталымда 2012 жылы жарық жұлдыздай жарқ етіп енген жас велошабандоз, Петропавл тумасы Алексей Луценкоға бүйрегіміз бұрғаны анық. Биыл велошоссе бойынша әлем чемпионатының «андеры» жас дәрежесінде (23 жасқа дейінгі) топтық жарыста бірінші келген ол, әлем чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Бұл велоспорттың тарихында Қазақстанның әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Келер жылдан бастап, «Виноның» жерлесі болып табылатын А.Луценко «Proteam Astana» велоклубының сапында өнер көрсетпек. Бұл баланың жеңісіне елең ете қалған қазақ жұрты кәсіби спорттық ғұмырын аяқтаған Александр Винокуровтың ізбасары болады деп топшылап отыр.
«Үздік құрама»
2012 жылдың үздік құрамасы аталымының иесін сайлау қиынға соқпайтын секілді. Тұңғыш рет бір спорт түрінен 4 алтын қоржынымызға түсті. Ол әрине еліміздің ауыр атлеттер құрамасы. Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Илья Ильин Олимпиаданың ең жоғары жүлделерін ұтып, Қазақстанды ауыр атлетиканың Отаны ретінде адамзат баласына танытты. Олардың әрбір жеңісіне алақайлай секіретін Ни мен Түркелери сияқты азаматтардың бар болғаны үшін біздің ел қандай бақытты! Енді осы төрт алтын азаматтың қасына, олардың ізін қуған Анна мен Алмастар қосылып жатса, алты құрлықта бізге кім тең келер?
«Жыл серпіні»
Биылғы жылы Қазақстан жеңіл атлетикасы да бұрын соңды болмаған ірі табысқа қол жеткізді - бір Ольга Рыпакованың арқасында. Үш қарғып секірудің шебері саналатын атлет наурыз айында өткен жабық алаңдағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Ыстамбұл төріндегі сында Рыпакова тек Ұлыбритания спортшысы Ямиле Алдамаға есе жіберіп, тұғырдың екіншісі сатысына табан тіреді.
Жыл бойғы «Гаухар лигасы» жарысы да біздің атлет үшін сәтті болды. Ольга Рыпакова бес алтын, бір күміс, бір қола жүлде алып, «Гауһар лигасы» жеңімпазы атанды. Айта кетейік, аталған турнирде жеңімпаз атанған спортшыға ақшалай сыйлық және гауһар тас беріледі.
«Жыл спортшысы»
Енді үздік спортшының есімін жариялауға келіп жеттік. Ол - Қазақстан қоржынына алтын медаль салып, ел тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш спортшы Илья Ильин. «Алтын бала» ешқашан өзі қатысқан ресми халықаралық жарыстарда жеңіліп көрген жоқ. 2005 жылы 17 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған соң, ол өзі қатысқан жарыстардың бәрінде тек алтын медаль иеленіп отырды. Үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы, екі дүркін олимпиада чемпионы. Алла нәсіп етсе, енді ол төрт жылдан кейін Риода үш саусағын шошайтады.
Серпе көтеруде және қоссайыста Илья әлем рекордын жаңартқанда, барша әлем Илья-баһадүрдің мықтылығын күмәнсіз тағы мойындады. Сарапшылар тіпті бұл рекорд ғасыр соңына дейін бағындырылмайтындығын айтып, таңдай қақты.
Біздің агеннттік жасаған үздік спортшылар тізімі жасаларда, әрине, бірінші кезекте басты өлшем ретінде Лондондағы Олимпиада ойындарындағы толағайлар ерекше назарға алынды. Себебі төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға тең келер өзге аламан жоқ. Лондон Олимпиадасындағы жеңістер Қазақстанды, елімізді дүние жүзі алдында көтеріп тастады, мерейімізді тасытты. Әрбір спортшыға халық болып қуандық. Сол үшін өзіміз масаттанған жемісті 2012 жыл үшін алғыс білдіреміз.